425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО шаруалары жайылымнан таршылық көріп жүр

  • 110
  • UPD: 15:37, 04.11.2020
ШҚО шаруалары жайылымнан таршылық көріп жүр

Ел шығысындағы Үржар ауданына қарасты Салқынбел ауылдық округінің тұрғындарында мал бағатын жер жоқ. Соңғы жылдары ауылда мал басы өсіп, халық еңбегінің жемісін көре бастаған. Алайда төрт түлікке жайылым, шабындық мәселесі өткір болып тұр. Маңайдың бәрі егістік болғандықтан өріс тарылып барады дейді тұрғындар. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл мәселені шешу үшін арнайы бағдарлама жасалғанын айтады.

Соңғы жылдары Үржар ауданында қаладан далаға бет бұрып, төрт түлік өсіремін деушілер қатары артқан. 700-ге жуық халқы бар Салқынбел ауылдық оругіне қарасты Сегізбай, Қарабұйрат ауылдары да солардың қатарында. Мұнда қазір 58 шаруа қожалығы бар. Әйтсе де тұрғындар мал бағатын жер жоқ деп шағымданады. 

Алмас Салқынбаев, ауыл тұрғыны: 

- Биыл мысалы, шөптің бәрін 50 мыңға сатып алдық. 12 прицеп, мысалы 20 прицеп түсіретін шөп мысалы малға биыл, қыс қалай болады, жетпейді. Жер мәселесі бізде қиын. Жер жоқ, не егістік жер жоқ, не шабатын жер жоқ. Алақандай жерге ғана бағамыз. Малды кезекпен жая алмайсың, апара алмайсың ешқайда. Барсаң малыңды кіргізеді, бір сиырың 20 мыңнан айыппұл дейді болды. Шемішке айнала егіп тастаған, ылғи байлар егіп жатқанның бәрі. Сол Қарабұйрат тұрғындарына жерді бөліп берсе, әркімге тиесілі жерін, кімге қанша тиесілі, шабындық нешеу, егістік қанша, қалғанын алсын. 

Ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе жер алуға байланысты конкурстарда жеңімпаз болу қиындығы. Олардың сөзінше, көбінесе өзге аймақтың шаруалары не ірі шаруашылықтар иемденеді екен. Кейбіреуі тіпті жерінің басқа біреудің меншігіне қалай өтіп кеткенін білмейтін болып шықты. 

Батырхан Тұрарбеков, ауыл тұрғыны: 

- Бұрын Совет Үкімет ікезінде екі жарым мың бас ірі қара, 5 мыңның үстінде қой отырған жерде қазір бір-ақ адам 300 бас малмен ғана отыр. Енді ауылдың малын жинап баққан жігіттер шығайын десе, оларды шығармайды, біздің жер, менің жерім деп қуып жібереді, мал жайғызбайды. Тым құрыса, сондай мал жаятын адамдарға бір жер бөлсе арнайы территория берсе мал бағатындай, оларды ешкім қумайтындай, малдарын емін-еркін бағатындай болса. 

Мардан Қуандықов, ауыл тұрғыны: 

- Қожалықта болғанбыз одан кейін олар тарап кетті де содан қалған 31 гектар жерім бар, шешемдікі, өзімдікі, жеңгемдікі, соны замәкім алыпты, ал мен оны білмеймін қалай рәсімдейтінін. 

Алайда аудандық әкімдіктегілер жер бөлуде ешқандай заңсыздықтар болған жоқ деген уәж айтады. 

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары: 

- Заңсыз жер берілді деген ол ештеңе заңсыз істелмейді. Жер кодексі бар, арнайы конкурс болады, оған жер орналастырушы жоба дейді оған қаржы бөлінеді, ол газетке жарияланады, ол құзырлы органдармен тексеріледі. 

Жауапты мамандар қарапайым тұрғындарға жер алу үшін конкурсқа қатысып, нәтижеге қол жеткізуде қиындықтар бар екенін жасырмайды. Өйткені ірі шаруашылықтардың инвестициялық жоспарлары мен техникалары көп болғандықтан заң бойынша басымдылық соларға беріледі. Дегенмен, аудан әкімдігі бұл мәселені арнайы бағдарлама жасау арқылы шешуді көздеп отыр. 

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:  

- Шаруа қожалығынын аша алмайды жер болмаса, ал жерді алайын десе қатыса алмайды конкурсқа. Сондықтан біз бағдарлама әзірлеп 5 жылға 20 гектарға дейін шабындық болсын, жайылым болсын қазір біз конкурссыз ешқандай, арыз жазады, комиссиямен шешіп беріп жатырмыз. Тасбұлақ, Сегізбай ауылдық округіне тағы да осындай түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, жер керек болып жатса көмектесуге арқашан дайынбыз.

Жалпы ауданда ауылшаруашылығы мақсатындағы 870 мың гектардан астам жер бар екен. Оның басым көпшілігі бүгінде игеріліп отыр. Дегенмен, шабындық, жайылым үшін жер қоры жеткілікті, сондықтан бұл мәселе болашақта шешімін табады деп сендіреді атқарушы билік өкілдері. 

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы