425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда заңсыз балық аулаушылар азаймай тұр

  • 160
  • UPD: 23:22, 04.11.2020

11 қазаннан бері өтіп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында бір ғана Алматы облысының өзінен бірнеше қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Браконьерлердің көбі қытайлық балық аулау торларын пайдаланатыны анықталды. Оны пайдалану былай тұрсын, біздің елге әкелуге және сатуға тыйым салынған.

Жер жәннатты Жетісу өңірінде өзен-көлдер жеткілікті. Қазір бұл аймақта балық аулау науқаны қызып тұр дейді мамандар. Іле өзенінің жоғарғы ағысы Қапшағай су қоймасының маңында болған бір күндік бақылау шарасы кезінде жеті заң бұзушылыққа куә болдық.

Жалпы бұл аймақтағы 14 шаруа қожалығының бәрінде балық алауға рұқсат қағаздары бар екен. Алайда заңды белден басып, оңай олжаға кенелгісі келетіндер де аз емес. Олардың басым көпшілігі мынадай қытайлық балық аулау торларын жиі пайдаланады екен.

Бағлан Рымжанов, облыстық табиғатты қорғау полициясы бөлімінің қызметкері:

– Жағада, суда жатқандарды тәркілей отырып, оны жоюға жіберіп жатамыз. Олар суда да, жағада да шірімейді. Бұл жануарлар мен аңға зардабын көп тигізеді.

Қытайда полиамид талшығымен жасалатын бұл торлармен балық аулауға 2007 жылы тыйым салынған. Ал 2015 жылдан бері оларды Еуразиялық экономикалық одақ аумағына әкелуге және сатуға болмайтыны жөнінде шешім қабылданған. 

Ринат Құмашев, аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы:

– Жыл басынан бері инспекция қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірге Алматы облысының балық аулау қоймаларында 47 шақырымнан астам тыйым салынған балық аулау құралдары – оның ішінде монофиламентті торларды анықтады. Бізге жеткен деректер бойынша бұл торларды кәсіпкерлер елімізге құрылыс материалы ретінде әкелетін көрінеді.

Экологиялық құрылымдар өкілдерінің айтуынша, шекараны бақылау жүйесін қайта қарау қажет. Өйткені рұқсат етілмеген балық аулау құралдары көбеймесе азаймай отыр дейді. 11 қазанда басталған «Браконьер» рейттік операциясы әлі де жалғасады. Осы уақытқа дейін Алматы облысы бойынша 16 қылмыстық іс тіркеліп, 300 ге жуық әкімшілік хаттама толтырылған.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Григорий Беденко, Әбен Нарынбаев

Хабар 24 телеарнасы