424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада «Бағыстан» тұрғын үй кешенінің үлескерлері тағы да бас көтерді

  • 117
  • UPD: 20:35, 04.11.2020

«Шар құрылыс» компаниясына қаржысын сеніп тапсырғандардың шарқ ұрып жүргеніне бір жылдан асқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі былыр табысталуы тиіс үйдің құрылысы сағызша созылып келеді. Шыдамы таусылған үлескерлер бүгін «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорынан көмек сұрады. 

Бұл – биыл 6 тамызында түсірілген кадрлар. Ашуға булыққан үлескерлер құрылыс аумағына басып кірген еді. Сол кезде құрылыс компаниясының басшысы пәтер кілтін қарашада тапсырамыз деп уәде берген.  

Бұл үлескерлер естіген алғашқы уәде емес. Көпшілік жұмыс қарқынын көріп, үміттенді. Бірақ үміт бұл жолы да ақталмады. Үй әлі дайын емес.

Минаш Бегалина, үлескер:

– Екі жылдан бері тосып шаршадық. Тек құрғақ уәде береді бізге. Ешқандай іс-әрекет жасалып жатқан жоқ. 30 қазанда бардық, ешкім жоқ. Түк те істелініп жатқан жоқ. ФГЖС-ның кепілдігі бар дегенге, жұрттар соған сеніп, ипотека рәсімдеп, үй жалдап тұрып жатыр және ипотека төлеп жатыр.

Негізі үлескерлердің алдыңғы легі өз пәтерінің кілтін 2019 жылдың тамызында алуы тиіс еді. Алайда тапсыру мерзімі түрлі себеппен кейінге шегеріліп келді. Шарқ ұрған жұрт құрылысты жеделдетуді компания өкілдерінен де елорда әкімдігінен де сұраған. Нәтиже жоқ. Енді соңғы үмітін арқалап, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» қорына келді. Ал мұндағылар бүгіннен бастап қордың жұмысы Тұрғын үй құрылысының біріңғай операторына берілгенін және мәселе заң аясында шешілетінін айтты.

Тілеубек Ілясов, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ департамент директоры:

– Барлығы заң аясында іске асады. Үй 2021 жылдың 25 қаңтарына дейін берілуі тиіс. Егер сол күнге дейін берілмесе, біз заңды түрде іске кірісе аламыз. Оған дейін құрылыс алаңына бейнебақылау камераларын қойып, құрылыс қарқынын тексеріп отырамыз. Егер жыл соңына дейін құрылыс компаниясы жұмысты аяқтай алмайтынын байқасақ, өзге жұрылыс компаниясымен келіссөздер жүргізе бастаймыз.

Келісім бойынша үй былтыр тамызда тапсырылуы тиіс еді. Енді соңғы мерзім келер жылдың 25 қаңтары екені белгілі болды. Қазақстан ипотекалық компаниясының мамандары заң бойынша «Шар құрылыс» түрғын үй кешенін тапсыру мерзімін тағы үш айға ұзартуға өтініш жасай алатынын айтады. Алмаған пәтеріне ипотекалық несие төлеп отырған үлескерлер үйдің уақытылы аяқталуын талап етеді.

Мөлдір Сағымбаева, үлескер:

– Біз «Шар Құрылыстан» тегін үй сұрап жатқан жоқпыз. Біз өзіміздің ақшамызды салған үйімізді алғымыз келеді. Уақытылы. Ешқандай құрылыс жүріп жатқан жоқ. Біз құрылыс тез жүріп, үйіміздің кілтін уақытылы алуды талап етеміз.

Ал құрылыс компаниясының өкілі «Бағыстан» тұрғын үй кешеніндегі бірінші және үшінші үй жыл соңына дейін тапсырылады деп тағы уәде берді. Сөзіне сенсек, екінші және жетінші үйдің үлескерлері келер жылдың науырызында баспаналы болады. 

Мұрат Әбдірашимов, құрылыс компаниясының өкілі:

– Тұрғын үй 250 күн бұрын берілуі керек еді. Белгілі себептермен құрылыс жұмыстары кестеден кешігіп қалды. Өздеріңіз білесіздер, карантин болды, салдарынан жұмысшыларымыз кетіп қалды. Елордадағы құрылысшылардың 80 проценті өзге өңірден келеді. Олар жоқ болғандықтан, жұмыс тоқтап қалды. Бірер күн бұрын барлық мердігер компаниялармен келістік. Алдағы оншақты күн ішінде құрылыс қайта қарқын алады.

Екі жылда бітпеген құрылыс екі айда аяқталады дегенге сенбейміз дейді жұрт. Сондықтан бар үмітті Қазақстан ипотекалық компаниясына артып отыр. Ал олар беліленген мерзімде үй тапсырылмаса, құрылысты аяқтау міндетін өз мойнына алатынын жеткізді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы