425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында зиянды әдетке әуестенгендер көбейген

  • 166
  • UPD: 10:04, 05.11.2020

Павлодар облысында ішімдікке салынғандар саны көбейіп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, зиянды әдетке бой ұруға карантиндік шаралардың салдары да тиген. Бүгінде облыстық психикалық денсаулық орталығының күндізгі стационары лық толы. Оларға психологиялық және дәрі-дәрмектік ем-дом шаралары тағайындалып, жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.

Тілші:

– 66 жастағы зейнеткердің бойында пандемия кезінде қорқыныш пайда болыпты. Үйрейленгені соншалық, елестер де көріне бастаған. Бұған шыдай алмаған азамат облыстық наркологиялық диспансерге келіп, емделе бастапты.

Емделуші:

– Ауруханаға өз еркіммен келдім. Нарколог-мамандарға жағдайымды түсіндірдім. Дәрігерлер жылы қабылдап, емдеу курсын тағайындады. Қазір тәуір болып қалдым. 32 күн ем алып жатырмын. Толық курстан өткен соң үйіме ораламын.

Тілші:

– Мамандардың айтуынша, ішімдікке салынғандардың орташа жасы 40-тар шамасында. Бүгінде облыстық психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатқан науқастардың ішінде кәрісі де, жасы да бар. Мәселен, орда бұзар жасқа толған бұл жігіттің тентек суға әуестенгені соншалық, уланып қалған. Енді зиянды әдеттен арылуды қалайды.

Емделуші:

– Ем жақсы жүріп жатыр. Ертең 10 күн болады. Кейінгі бетте жаман ауырып жатқанмын. Қазір жақсы жүріп жүрмін. Асқазаным да кішкене ауырған. Оны да емдеді.

Тілші:

– Соңғы жылдары орталыққа өз еркімен келген азаматтардың саны артып келеді. Жыл басынан бері 600-ден астам науқас 45 күндік курстан өтіп, әдетімен күресуге бел буыпты.

Елена Бодрова, облыстық Психикалық денсаулық орталығының наркологы:

– Ішімдік кез келген психобелсенді зат сияқты психикалық және физикалық тәуелділік тудырады. Бізге келген азаматтар пандемия кезіндегі қорқыныш пен үрейді тоқтату үшін тентек суды ішкендерін жасырмады. Мәселенің әлеуметтік жағы да бар. Әлеуметтік жағдайы үшін қатты алаңдағандар да проблемасын ұмыту үшін тентек суға әуестенуі мүмкін.

Адам бойында ішімдікке әуестік, тәуелділік белгілері пайда болса, дереу дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Қазіргі уақытта медициналық мекеменің күндізгі стационары толық. Оларға медициналық сақтандыру аясында тегін көмек көрсетіледі.

Елена Бодрова, облыстық Психикалық денсаулық орталығының наркологы:

– Абстинентті синдром – аурудың кең тараған белгісі. Халық арасында «бас жазу» деп аталады. Осы белгі пайда болса, дабыл қаққан жөн. Себебі алкоголизм сырқатын емдеуді бастапқы кезеңде бастаған жөн. Сонда нәтиже болады. Бұл аурумен күресте тағы бір мәселе бар. Науқас проблеманың барын мойындамаса, оларды емдеу қиын. Мәжбүрлеп емдеу де бар. Бірақ адам өз еркімен ем қабылдаған жөн.

Өкінішке қарай, ішімдікке әуес жандардың қатарында кәмелеттік жасқа толмағандар да бар. Қазіргі уақытта 54 жасөспірім диспансерлік есепке алынған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы