425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тұздыбастау ауылында жарық пен су мәселесі шешімін таппай отыр

  • 101
  • UPD: 10:24, 05.11.2020

Алматының іргесіндегі Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында қордаланған мәселе көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тозығы жеткен қосалқы станса мен ағаш бағандардан берілетін электр қуатының күші 170 кВт-тан аспайды. Есесіне тұрғындар электр қуатының 1 кВт үшін 28 тг төлейді. Бұл қаладағы тарифпен салыстырғанда қымбат. Алматыдан бар-жоғы 10 шақырымдай жердегі ауылда ауызсудың сапасы да сын көтермейді. Бұл елді мекендегі әлеуметтік мәселелерді арнамыздың журналистері былтыр да көтерген. Өкінішке қарай, әлі ешнәрсе өзгерген жоқ.

Тілші:

– Әуелгіде бау-бақшалық жердің елді мекен болып бой көтергеніне 4 жылдан асқан. Содан бері тұрғындар жарық пен суға жарымай отыр. Жай күнде қуаты аз жарық жел тұрып, жаңбыр жауса, мүлде өшіп қалады. «Тұрмысқа қажетті техниканы қатар қолдану мүмкін емес», – дейді тұрғындар. Ал кеш батса, көшелерді көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Себебі көшеге жарық орнатылмаған.

Айзада Бұртыбаева, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:

– 1 кВт-ын өте қымбат бағамен төлейміз. Ешқандай күш-қуаты жетпейді. Сәл жел соғып, жаңбыр жауса, бірден өшіп қалады. Қазіргі таңда қыс келе жатыр. Барлық үйде газды пеш тұр. Жарық өшсе, қаншама үй жылусыз қалады. Неге ондай болып жатыр десек, осы линиялар апаттық жағдайда дейді.

Тозығы жеткен электр желілері мен қосалқы стансаның иесі кім екені белгісіз. Әу баста жарық пен суды қосу үшін әр үй 1000 доллардан берген. Ол қаражаттың кімнің қалтасына кеткені тағы беймәлім. Себебі тұрғындардың қолында сенім хат деп толтырылған бір жапырақ қағаздан басқа құжат жоқ. Ал жарық беру туралы келісімшартта көрсетілген мекеме мен мөр сәйкес келмейді.

Анжела Копылова, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:

– Қандай компания екенін біз білмейміз. Келісімшартта әртүрлі заңды тұлға көрсетілген. Мәселен, міне, басында «Жантас» ЖШС деп тұр. Соңында «Видинтернейшнл» деп мөр соғылған.

Тілші:

– Жарыққа жарымай отырған ауылда интернет туралы айтудың өзі артық. Қашықтан оқуға көшкелі балалардың берекесі кеткен. Сондай-ақ жаңадан бой көтерген үйлерге келетін тар жолды кеңейту туралы да әкімшілікке айта-айта шаршаған. «Ал осы елді мекендегі бар болғаны 15 метрден шыққан суды ішу мүмкін емес», – дейді тұрғындар.

Айтқали Жұртшытегі,Тұздыбастау ауданының тұрғыны:

– Судың сапасы сын көтермейді. Былтыр лаборанттар келіп, суға сараптама жасап, құрамында ауыр металдар барын айтып берді. Суды мүлде қолдануға болмайды деді. Бір ыдысқа құйып қойсаңыз, таңертең бүршік-бүршік заттар шығып тұрады.

Тілші:

– Ауыл тұрғындарының шағымын Талғар аудандық әкімдігіне жеткіздік. Айтуларынша, электр желілеріне тамыз айынан бері «Бабаев» жеке кәсіпкерлік нысаны жауапты . Сапалы қызмет көрсете алмайтындықтан, кәсіпкер электр желілерін жарықпен қаматамасыз ететін ірі монополистік компанияға беруге қарсы емес. Алайда талапқа сай емес желіні ол компанияның да өз құзырына алу-алмауы екіталай.

Нұрбек Өмірзақов, Тұздыбастау ауылдық округы әкімінің орынбасары:

– Линияны өз құзырымызға алмаймыз десе, ол линияны иесіз ретінде тіркеу керек. Бұл процедура кішкене уақыт алады. Линия тіркелген күннен бастап бір жыл тізімде тұру керек. Сосын соттың шешімімен аудан әкімінің балансына алынады. Аудан әкімшілігінің балансына алғаннан кейін АЖК-мен бірге үшжақты келісімшарт жасалады. Сосын бұл кісілер монополияға қарсы комитет бекіткен жалпы тарифпен жарыққа қол жеткізеді.

Тілші:

«Ауызсу мәселесін шешудің жолы бар», – дейді әкімдіктегілер. Ол үшін тұрғындар «Талғар су» мекемесіне өтініш жазып, орталық су арнасына қосылуы керек.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы