422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорған билігі «жабайы саудамен» күресіп жатыр

  • 81
  • UPD: 10:07, 05.11.2020

Орталықтағы үлкен базардың айналасында отыратын саудагерлерге күнде айыппұл салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда сатушылардың бұл жерден кеткісі келіп отырған жоқ. Әкімдік оларға арнайы орын дайындап, коммуналдық базар да ашқан.

Анар Сауытбаева 10 жылдан бері осы жерде жеміс-жидек сатады. Арнайы сөре жоқ. Ыңғайсыз жерде тұрған соң полиция жиі қуады. Бірнеше рет әкімшілік хаттама толтырған. Қазір мойнында айыппұл жиналып қалды. Қала билігі жаңа базардан орын ұсынған. Бірақ тек Анар емес, басқа да саудагерлердің де ол жаққа барғысы келмейді.

Анар Сауытбаева, жеке кәсіпкер:

– Менің өз басымда 187 мың айыппұл бар. Не үшін салды? Негізінде мына Біржан салдан жоғары қарай салынуы керек болған базар салынған жоқ. Бізді айдаладағы ақын Сараға апарып тастады. Ал негізінде халықтың бәрі шоғырланған жер – осы Біржан сал мен Гаухар ананың қиылысы. Өйткені барлық көтерме базар осы жерде.

Саудагерлердің сөзінше, жаңа базарда сауда жүрмейді. Адам аяғы аз, арнайы қойма жоқ. Басқа жабық базарларда орынды жалға алу қымбат. Сондықтан көше бойында тұруға мәжбүрміз дейді.

Бірінші саудагер әйел:

– Милициялар қуып, «сол жаққа барыңдар» дейді. Ол жаққа ауылдың автобусы жүрмейді. Тек осы жерге келеді. Сондықтан осы жерде тұрамыз.

Екінші саудагер әйел:

– Ол жаққа ешкім бармайды. Мен жалғызбасты анамын. Басымда 185 мың айыппұл бар. Жағдайды басшылыққа жеткіземін.

«Жабайы» саудамен күрескен қала билігі саудагерлерге салып берген коммуналдық базардың сиқы мынау.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

Арнайы дайындалған сауда орны қазір қараусыз қалған. Мына сөрелердің барлығын шаң басып жатыр. Тіпті айналаны күл-қоқыс басып кеткен. Сөйтіп бұл жер қазір үй-күйсіз қаңғып жүрген жандардың жиналатын орнына айналған.

Қазір бұл орын «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының балансына берілген. Олар базардың құжатын рәсімдеумен айналысып жатыр.

Диас Бейсенбек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз хатшысы:

– Қазіргі кезде аталмыш жер учаскесін қайта рәсімдеу үрдісі жүргізіліп жатыр. Одан кейін үлгісі мен жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалады. Жалпы бұл жобаны іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдарға жоспарланған.

Заңсыз сауда жасағандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-бабы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ескерту еленбесе, жауапкершілікке тартады. Сондай-ақ барлық зат тәркіленді. Талдықорғанның полицейлері мұны жиі жасап жүр. Бірақ жабайы сауда қызып тұр. Себебі саудагерлерге әлі де жағдай жасалған жоқ.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы