425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бүгін сыртқы барлау қызметіне 23 жыл толды

  • 97
  • UPD: 18:39, 05.11.2020

Бүгін Қазақстан Республикасының сыртқы барлау қызметіне 23 жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сала тарихы 1992 жылы Президент Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылған кезден бастау алады. Кәсіби мерекеге орай осы салада 43 жыл еңбек еткен барлаушы біздің арнамызға сұхбат беріп, жасырын операциялардың кейбір тұстарынан сыр ашты.

1970 жылы шыққан «Атаманның ақыры» фильмі тыңшы Қасымхан Шадияровтың шытырман оқиғасын баяндайды. Сюжетте ол атаман Дутовтың сеніміне кіріп, өз өмірін қатерге тіге жүріп, берілген тапсырманы орындап шығады. Иә, бұл – тек көркем туынды. Ал тыңшы қалай жұмыс істейді? Жат елде «жансыз» болу үшін неге бейімделу керек? Саналы ғұмырының 43 жылын сыртқы барлау қызметіне арнаған Бекежан Бекенұлын іздеуіміздің себебі сол еді.

Бекежан Құлбеков, сыртқы барлаудың ардагерлері қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары:

– Қай елдің болса да барлау қызметінің астыртын іс-әрекеттері, жетістіктері жария болмайды. Тек қана 30-40 жыл өткеннен кейін сыртқы барлаудың кейбір операциялары мен ашуға болатын ардагерлердің даңқты жолдары туралы баспасөз беттерінде жарияланып тұрады.

10 жылға созылған Ауған соғысында да көптеген қазақстандық барлаушылар қызмет етті. Олардың ішінде екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Абдуғаппар Мирманов, үш рет арнайы тапсырмамен сол жаққа барған Қабдолда Бекжанов бар. Біздің кейіпкеріміз де жат елде жасырын операцияға қатысып, құпия тапсырма орындағандардың бірі. Осыдан 30 жыл бұрын Бекежан Бекенұлы Ауғанстанда жасырын хабарламалардың шифрларын ашумен айналысқан. Сондай сәттердің бірінде ол Пәкістаннан Ауғанстанға жіберілетін қару-жарақ керуендерінің жолын алдын ала кесуге мүмкіншілік жасаған.

Бекежан Құлбеков, Сыртқы барлаудың ардагерлері қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары:

– 40 километр тек қана жоғары көтерілеміз. Көлігіміз ескі. Радиатор қайнай береді. Сонда мен біреу ата ма, атпай ма деп машинадан шығып, автоматпен шатқалдарға қарап тұрамын. Сол кезде менің жүргізушім жүгіріп барып шелекпен астында ағып жатқан арықтан шелекпен су алып келіп, шашып, тағы екі-үш километр жүреміз. Сол кезде, әрине, қорқыныш болды.

Олар туралы ешкім тіс жармайды. Себебі жүрістері суыт, әстері жұмбақ. Астыртын операция аса бір сақтықты қалайды және талап етеді. Демек ақпараттың бәрін құпия ұстайтын қызметкерлер ешқашан сыр алдырмайды. Өзге түгілі, өз бала-шаға, туыс-туғандарына да ақтарыла алмайтын дәті берік жандардың барлаушы екенінен қасында бірге жүрген досы да бейхабар болады. Дегенмен олар ел іргесінің беріктігіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, тәуелсіздікті сақтауда елеулі орын алады. Сыртқы барлаудың құпия деректері мен талдау құжаттары саяси-экономикалық шешімдер қабыдауда пайдаланылады. Ал бұл деректерді іздестіріп табумен айналысатын мамандар жайлы ақпарат мемлекеттік құпия болып сақталады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ерзат Зайытхан, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы