423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада мерекелік жиындар мен шаралар тыйылмай тұр

  • 238
  • UPD: 22:43, 05.11.2020

Елордада карантиндік шектеулерге қарамастан мерекелік жиындар мен шаралар тыйылмай тұр. Шаһардағы мейрамханалардың бірінде 50-ден астам қонағы бар қалжа тойы өткен. Көңіл көтеру нысандары да астыртын жұмыс істеп, тәртіпке бағынбаған.

Бұл елордада карантин талаптарын бұзған көңіл көтеру нысандарының бірі. Дәмхана жұмыс және демалыс күндері таңғы 9-дан түнгі онға дейін бекітілген кестені сақтамай, келушілерге қызмет көрсеткен.

Полиция департаментінің хабарлауынша, нысанның иелері осыған дейін де жауапкершілікке тартылған екен. 

Азамат Садықов, қалалық ПД жергілікті полиция қызметi басқармасының бөлім бастығы: 

- Мейрамханалар мен көптеген қонақ шақырып отбасылық шара өткізу байқалады. «Сұңқар» мейрамханасында қалжа тойы аталып өткен. Карантин режимін бұзудың 2 мыңнан астам фактісі анықталған. Анықталған шектеу шараларын бұзу бойынша материалдар Нұр-Сұлтан қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды. 

Жалпы талаптарды бұзу жөнінен түнгі клубтар, мейрамханалар мен дәмханалар көш бастап тұр. Бұл нысандарда бірнеше айда 796 дерек тіркелген. Ал дүкендерде, сауда орталықтары мен базарларда тәртіп 474 рет бұзылыпты. Мұнан бөлек сұлулық салондарында, саябақтарда, демалыс орындарында санитарлық шаралар толық сақталмайды. Яғни бұл нысандар тиым салынған уақытта жұмыс істеп, рұқсат етілгеннен көп адам қабылдаған.  

Жанна Пралиева, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері:

- Бүгінгі күні кәсіпкерлік субьектілер карантиндік шараларды бұзуды жалғастыруда. Олардың арасында тұрақты бұзушылар да бар. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлығы 25 обьект тіркелді. Оның ішінде 2 және одан да көп рет бұзушылық жасайтындар да бар. Барлығы 140-тан астам материал келіп түсті. 

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, карантин шараларын тұрақты бұзған нысандар әкімшілік жазаға тартылады. Тіпті олардың жұмысын тоқтату мәселесі де қаралады.

Осы уақытқа дейін тәртіпке бағынбаған 836 тұлғаға 15 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Ал келушілерге қолданылатын шара тек түсіндіру жұмыстарымен шектеліп отыр.

Хабар 24 телеарнасы