420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысын газдандыру жұмысы кейінге қалды

  • 249
  • UPD: 12:00, 06.11.2020

Қарағанды өңірін газдандыру жұмысы тағы келесі жылға қалды. Биыл жазда жергілікті билік өкілдері желтоқсан айында алғашқы 3 мың үйді көгілдір отынға қосатынын айтып, уәде берген еді. Бірақ жұмыс кешеуілдеп жатыр. Ірі жобаның алғашқы кезеңі қашан аяқталады? 

Лариса Гальблауб – табиғи отынның келуін тағатсыздана күтіп жүргендердің бірі. Қазір газ құбыры үйдің іргесіне дейін жеткен, енді ішке тарту керек. 

Лариса Гальблауб, қала тұрғыны:

- Біз өмір бойы пеш жағып келдік. Сондықтан газдың қаншалықты тиімді болатынын біле қоймаймыз. Оны уақыт көрсетеді. Негізі көгілдір отын биыл берілмекші еді. Естуімізше, енді тағы келесі жылға қалдырыпты. 

Ең бастысы, алты ай от жағатын ауылдар газға көшкенде аймақтың экологиялық жағдайы да күрт жақсарады екен. Жобаның алғашқы кезеңі келесі жылдың соңында аяқталмақ. Әуелде тек Қарағанды қаласында 1500 үй газға қосылады. Бірақ құбыр тарту жұмыстарында біраз қиыншылықтар туып жатқанға ұқсайды. 

Дастар Тойкенов,  қала тұрғыны:

- Ана жолы келген үйдің жанынан қазамыз деді. Бізге күллі судың бәрі, трубаның бәрі жолдан келеді. Қазған соң оның бәрін іліп алып, тұндыратын болды. Бір рет келді де қайтадан қайтып кеткен, керек жоқ деп, қаза алмай. Ливневка бар, ливневкаға тірелді, оны тағы ала алмады қазып. Сосын тастаған. Енді келіп қайтадан қопарып жатыр. Ертең бәрі ашылып-шашылып қала ма сонда?  

Әзірге табиғи отынның тарифі нақты бекітілмеген. Анығы, газға қосылу аз ақша емес. Шамамен 500 мың теңгеге бағаланып отыр екен. Бірақ бұл жұмыстар тек келесі жылы басталады. 

Нұрлан Абжанов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының м. а.:

- 2019 жылы 300 миллион теңгені, ал биыл осы күнге дейін 1 миллиард 800 миллион теңгені игердік. Жобаның жалпы құны – 4,5 миллиард теңге. Бұл қаржыға газ тарату қондырғысынан әр үйге құбыр тартамыз.  

Қарағандылық кәсіпкерлер газдандыру жобасын жедел, әрі сапалы жүзеге асырудың кешенді жоспарын билікке ұсынған. Бірақ қолдау болмапты. Олар «бұл жұмысты бизнеске берсе, қаншама бюджет қаржысы үнемделер еді» дейді. Өңірдің көптеген кәсіпкерлері газ есептейтін құрылғы мен қазандық өндірісін жолға қойып, құбыр тарту жұмыстарына қаржы құюға дайын болған. 

Николай Абт, кәсіпкер:

- Егер бұл жобаны бізге бергенде өңірдегі бизнес өкілдері бірігіп, облысты газдандыру жұмысын екі-ақ жылда аяқтап бітер едік. Біз бұл ұсынысымызды айттық, бірақ ешкім құлақ аспады. Енді қараңыз, екі жылда қанша жұмыс атқарылғанын. Егер жұмыс дәл осы қарқынмен жүре берсе, облысты табиғи отынмен толық қамтамасыз ету үшін әлі де бірнеше жыл керек. 

Айта кету керек, мың шақырымнан асатын магистральді газ құбырының басым бөлігі Қарағанды облысы арқылы өтеді. Жоба бойынша келешекте өңірдегі 9 қала мен 114 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы