425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ауыл» партиясы малға салынатын вакцинаны тегін таратуды ұсынды

  • 118
  • UPD: 23:45, 05.11.2020

Шаруа қожалықтарына бруцеллезге қарсы вакцина мемлекет есебінен тегін таратылуы тиіс. Сол арқылы төрт түліктің жұқпалы аурудан жаппай қырылуын тоқтатуға болады. Бұл бастама Ақтөбе облысында өткен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының көшпелі саяси кеңесінде қозғалды. Тегін вакцина тұтынушыларды сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетел нарығына экспорттау мүмкіндігін арттыратын көрінеді.

Мыңға жуық ірі қарасы бар бұл шаруа қожалығы асыл тұқымды сиыр өсіруді қолға алған. Өрісте сүтті және етті жануарды қатар бағады. Сондықтан жыл сайын миллиондаған қаражат жұмсап, түрлі аурудың алдын алуға вакцина сатып алуға мәжбүр. Мемлекеттік қолдау болса, мал басын көбейтуге қосымша мүмкіндік болар еді. 

Александр Немочинов, шаруа қожалығының басқарушысы:

- Мәселен, биыл тек төлдейтін аналық сиырлардың өзіне вакцина алуға 900 мың теңге жұмсадық. Әрбіреуі мың теңгеден. Бұл тек бір аурудың ғана алдын алуға. Егер мемлекет тарапынан екпе науқанын жүргізуге қолдау болса, шаруа қожалықтарының даму қарқын алар еді. 

Шағын шаруа қожалықтары төлдейтін малға қосымша екпе алуды айтпағанда, қатері қасында жүретін сарп аурының вакцинасын сатып алуға да қауқарсыз келеді. Сондықтан «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілдері бұл мәселені тиісті министрлік өкілдеріне жеткізетіндігін айтты. 

Оразбек Далмағамбетов, «АУЫЛ» ХДПП Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы:

- Бұл бруцелезбен бұрынғы кезде поголовно барлығына үкміет арқылы вакцина беріліп, вакцина жасалатын еді. Қазір ондай жасалмайды. Ал бруцеллезге қарсы бір шаруашылық жасап, екінші қожалық жасамайтын болса бұл бруцеллезді өзіңіздер білесіздер малмен де келеді, шөппен де келеді, аспен де келеді. Сондықтан шетінен барлығы ауруы мүмкін. Үкімет қаражат шығарып, Қазақстан бойынша тек Ақтөбе облысы ғана емес, бүкіл малға вакцина шығаруы керек. 

Мемлекеттік қолдаудан үмітті шаруа қожалықтарының тағы бір бас қатырған мәселесі – асыл тұқымды төрт-түлікті субсидиялау. Заң талаптарына сәйкес қаржылай демеу тек жоғарғы санатты бұқалары болғанда ғана көрсетіледі. Алайда «Герефорд» сиырын өсіріп бұл шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламаның игілігінен қағылып отыр. Себебі қажетті жануарды жеткізуге шекарадағы тосқауыл кедергі. Төрт жыл бұрын нодульді дерматит дертінің салдарынан Ресейден мал тасымалы тоқтатылған болатын. Бұл мәселені де «Ауыл» партиясының өкілдері назарда ұстайтындығын жеткізді.

Авторлар: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы