419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандының орталық саябағын вандалдар бүлдіріп жүр

  • 201
  • UPD: 23:58, 05.11.2020

Қарағанды қаласының орталық саябағында вандалдық әрекеттер көбейген. Күндіз көптің сүйікті орыны болып саналатын орынды түнде біреулер бүлдіріп жүр. Орталық саябақта бірер жыл бұрын күрделі жаңарту жұмыстары басталған еді. Енді бұзақылардың әрекеті қала тұрғындарының ашуын тудырып отыр.

Бір қарағанда бұл барып тұрған бассыздық. Басы жоқ шабандозды емес, оқиғаны толығымен алып қарағанда... Негізі осы мультфилімдердің кейіпкерлері балаларға қатты ұнайтын. Бірақ бұзақылардың әрекетінен кейін бір-ақ сәтте аяқтары көктен келген.

Екатерина Ягодкина, қала тұрғыны:

- Бұл өте ұят жағдай. Қоғамдық орында мәдениетті болып, ол барынша қадағалануы тиіс. Үлкендер мен балалардың сүйікті орыны ғой, сондықтан бақылауды күшейту керек шығар.

Галина Шаймарданова, қала тұрғыны:

- Әр бірін аңдып жүру мүмкін емес. Бұл бассыздық бір кісінің қолынан жасалмаған. Белгілі бір топ бар, осының бәрін бүлдіріп жүрген. Бұл отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты.

Саябақтың өзге де алаңдарындағы жағдай мәз емес. Мына ойын алаңдары тек биыл ғана пайдаға берілген. Бірақ уақыт өтпей жатып тау-төбе қоқыс болып үйіліп жатыр. Демалыс орынында 30-ға жуық қызметкер бар. Осындай олқылықтар онсызда үлгермей жүрген қара жұмысшылардың жұмысын қиындатып жібереді. Қазір мамандар бүлінген мүсіндердің барлығын шеберханаларына апарып,  қайтадан шама-шарқынша қалыпқа келтіріп жатыр.  

Ольга Скворцова, орталық саябақтың шебері:

- Сапасыз жұмыстарды мердігер компания кепілдендірілген мерзім аясында өз қаржысына қалыпқа келтіретін болады. Вандалдық әрекетке келсек, күзетшілер жоқ, бір-ақ полиция пункті бар. Саябақ алаңы 140 гектар. Сондықтан олардың да алаңды толық қадағалауға шамасы жете бермейді. Былтыр да осындай бірнеше вандалдық жағдай болған еді. Басқарма осы жағдайға байланысты полицияға шағымданған.

Бақытжан Құдияров, облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы м.а.:

 - Яғни бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істі тергеу барысында мамандар камерадан түнгі уақытта 2 адамның өтіп бара жатып, заттарды бүлдіргені анықталды. Қазір оларды анықтау және ұстау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы саябақта реконструкциялық жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның тек бір кезеңі 3 жылға созылып, 1,5 млрд.теңге қаржы бөлінген. Алда тағы екінші және үшінші кезең бар. Мамандар саябақтың адам танымастай өзгереріне сенімді. Бірақ сапасыз жұмыс пен вандалдардың сорақы әрекеті қыруар қаржы бөлінген жобаның ойдағыдай шығарына сызат келтіре ме деп алаңдайды қала тұрғындары.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы