424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сарыағаш шипажайы маңындағы Абай көшесі қашан жөнделеді?

  • 78
  • UPD: 12:15, 06.11.2020

Түркістан облысындағы Сарыағаш шипажайы маңына қоныстанған тұрғындар жылдар бойы жолдың жайын айтып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тақтайдай түзу көшелер элиталы емдеу нысандарына барып тіреледі. Ал жанындағы елді мекен тұрғындары тесік сүрлеулермен жүруге мәжбүр. Ауылдықтар шыдамның да шегі бар, төзімнің таусылар күні жақын екендігін ескертіп әлек. Бірақ жолдың төселетін түрі жоқ секілді.

Жыл он екі ай емделуші үзілмейтін елге әйгілі шипажайлардан 10 шақырым жерде Абай көшесі жатыр. Бірақ ұлы ақынның есімі берілген күре жолдың жағдайы мүшкіл. Құрғақ кезде шаңы аспанға атылса, жауынды күні батпақты алқапқа айналады.

Нұрдәулет Шонаев, Күркелес ауылдық округінің тұрғыны:

– Жаңбыр-қар жауғанда батпаққа айналады. Батпаққа айналған соң, балаларды көтеріп апаруыма тура келеді. Көлігі барлар көлікпен апарады, көлігі жоқтар немен апарады? Жаяу көтеріп апарамыз.

Тұрғындар өз күшімен тас төсеп, шаң-топырақ соқпақты жолға ұқсатуға тырысып көрген. Бірақ жүйесіз әрі мардымсыз іс өнер емес.  

Бағила Жұманазарова, Күркелес ауылдық округінің тұрғыны:

– Уәде береді, ешқандай нәтиже жоқ. Әкімге бардық, ендігі жылы істеп береміз дегеніне 3 жыл өтті.  

Ауылда сондай-ақ медициналық бекет жоқ. Ең жақынына жаяу 2 шақырым жүру керек. Қатынас қиын болған соң көбісі үйден емделгенді жөн көреді.

Елтүзер Қалыбеков, Күркелес ауылдық округінің тұрғыны:

– Жолымыздың жартысы лай. Аурухана саламыз деп уәде берді, жоқ әлі. Көшеміз лай, мал жайылымы жоқ.

Ауыл әкімдігіндегі мамандар тұрғындар тұрмысын жақсартуға бірқатар жоба жасалып жатқанын айтады. Үйді-үйге су құбыры жүргізілді, енді көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр. Инфрақұрылым желілері тартылған соң асфальт жабынды төселе бастайды. 

Ханат Байболаев, Күркелес ауылдық округі әкімінің орынбасары:

– Жолына 2 шақырым 800 метр жерге асфальтқа біз сметалық құжаттарын жасап, аудандық жол бөліміне беріп қойғанбыз. Оны осы ауылдықтар біледі. Басты-басты деген осы және арғы көшенің құжаттары дайын.

Тұрғындар бұл уәжді бұған дейін де естіп жүр, әрине. Шипажай маңында 40 жылдан бері тұратын күркелестіктер сонда да үміт үзбек емес.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы