425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Эпидемиолог ШҚО тұрғындарын сақтық шараларын сақтауға шақырды

  • 92
  • UPD: 21:42, 06.11.2020

ШҚО коронавирус жұқтыру дерегі бойынша елімізде көш басында келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өлкеде әуе және темір жол рейстері қысқартылып, санитарлық бекеттер қойылса да, жағдай оңалар емес. Қазір өңір қызыл аймаққа енген. Соңғы тәулікте ел бойынша анықталған 591 деректің 250-і осы өңірде тіркелді. Бұл – ел ішіндегі ең үлкен көрсеткіш.

Жұлдыз Игісінова осы санитарлық бекеттегі кезекшілікке екінші рет түсіп тұр. Негізгі міндеті – әрі-бері өткен жолаушылардың денсаулығын бақылау. Оның айтуынша, карантин талабына байланысты жұмыс орнындағы жауапкершілік бұрынғыдан да арта түскен. Ол денсаулығы жақсыларға ақ жол тілеп, дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлағандарға көмек шақырады.

Жұлдыз Игісінова, учаскелік медбике:

– Жолаушыларға көліктің ішінде де ыстық болуы мүмкін. Сол үшін тоқтатып, салқынға шығарып, дене температурасын қайтадан өлшейміз. Егер түспейтін жағдай болса,сол теміржол ауруханасының мобильді бригадасын шақырамыз. Бәрімізге қиын. Бірақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты мұндай тексеріс – біздің міндет.

Санитарлық бекеттердің орнатылғанына бір апта уақыт өтті. 13 бекеттің жетеуі Өскеменде, ал қалғандары өзге облыстармен және көршілес елдермен шекаралас аймақтарға қойылған.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Санитарлық бекеттерде жұмыс қарбалас. Мәселен, Мына Өскемен – Риддер бағытында тұрған пунктіден күніне 600-700 көлік өтеді. Әсіресе таңғы 07:00-09:00 арасында қалаға кіріп-шығатын автокөлік көбейеді. Өйткені маңайдағы фермалардан азық-түлік таситындар және Өскеменге жұмысқа келетіндер көп.

«Ал індет дендеп,ауруханаға түскендерге талапқа сай барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр» деп сендірді сала өкілдері. Облыстағы инфекциялық бөлімдерде жалпы 3200-ден астам орын болса, соның қазір 700-ге жуығы бос емес. Науқастарға емдік шаралар тиісті деңгейде көрсетіліп жатыр.

Айнаш Қапанова, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Оның ішінде 42 адам ауыр халде жатыр. Жеті адам өте ауыр халде. 5 адам ӨЖЖ аппаратында ем қабылдауда. Қазіргі таңда облыста алаңдайтын жағдай жоқ.

Аймақ бойынша бүгін Өскеменде 91, Семейде 42 адам індет ілгегіне іліккен. Ал шалғайдағы шаһарлар мен елді мекендер ішінде Риддер қаласы мен Глубокое ауданы көш басында. Бұл жақтарда бір тәулік ішінде 30 адам инфекция жұқтырған. Сондықтан эпидемиолог мамандар бейқамдық танытпай, өңір тұрғындарын сақтық шараларын мұқият сақтауға шақырады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы