422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында жедел жәрдем автопаркі жаңарды

  • 76
  • UPD: 19:56, 06.11.2020

Қостанай облыстық жедел жәрдем станциясының автопаркі кезекті мәрте жаңарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы айда заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған 52 көлік облыс жолдарында жүйткиді. Жаңа техникалар шалғай мекендегі тұрғындардың жолын қысқартып, ақ халаттылардың қолын ұзартады. Медициналық көліктердің алғашқы легі Жітіқара ауданына жөнелтілді.

Қалима Жаманқұлова жаңа көліктің мүмкіндіктерімен танысып жатыр. 28 жыл бойы жергілікті жедел жәрдем станциясында еңбек етіп жүрген фельдшердің айтуынша, техника ескі УАЗ-ға қарағанда анағұрлым ыңғайлы. Ішіндегі медициналық жабдықтар таңсық емес. Сондықтан тілін меңгеру аса қиындық тудырмағанын айтады.

Қалима Жаманқұлова, Жітіқара аудандық жедел жәрдем станциясының аға фельдшері:

– Жітіқара автопаркінде мұндай техника бұрын-соңды болмаған. Енді бізде үш бригада болады. Шақыртуларға шығатын фельдшерлер құрылғылармен жұмыс істей алады. Ертеңнен бастап қызмет көрсетуге дайынбыз.

Жітіқараға реанимобиль мен желілік көлік жол тартады. Келер аптада тағы бір техника жөнелтіледі. Арнайы көліктерде коронавирустың бірінші толқынында кезіккен кемшіліктер толық ескерілген. Өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриляторлар, электрлі кардиографпен жарақтандырылған.

Ирина Штейгервальд, облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

– Ішінде төрт баллон бар. Олар 24 литр оттегімен толтырылған. Жітіқарадан облыс орталығына дейінгі арақашықтық 200 шақырым болса, осындай көлемдегі оттегі қоры пациентке жетеді. Демек шалғайдағы тұрғындарға медициналық көмек дер кезінде келеді деген сөз.

Келесі кезекте жаңа көлікке Лисаков қаласының фельдшерлері қол жеткізбек. Арқалық қаласы да назардан тыс қалмайды. Аудан орталығының автопарктері де біртіндеп жаңартылады. Қазір облыстық жедел жәрдем станциясы техникамен толық қамтылған. Жаңа 52 көлікті қоса есептегенде автопарктің тозу көрсеткіші 20%-ке де жетпейді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы