Елордада әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету деректері көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мәселен, өткен жылдың осы кезеңінде 38 оқиға тіркелсе, биыл 42-ге жетіпті. Экономикалық, жыныстық, психологиялық қысым көрсетумен бірге күш қолдану жағдайлары жиі кездеседі. Бұған отбасындағы қаржы жетіспеушілігі, әкелердің ішімдікке әуестігі – себеп. Жанұядағы жанжалдан негізінен балалар зардап шегеді. Қалада 72 жеткіншек жәбірленіп, балаларға қатысты көрсеткіш 12%-ке артқан. Тәртіп сақшылары: «6 мыңнан аса адаммен профилактикалық жұмыс жүргізіп, заң аясында көмек көрсеткенімен, тұрмыстық салада түйткілді мәселелер жетерлік», – дейді. Жанжалдасқан ерлі-зайыптыларды уақытша бөлек тұрғызуда қиындық бар. Мамандары бұл проблеманы қоғам талқысына түскен жаңа заң реттейді деген сенімде.
Гүлмира Шрахметова, қалалық ПД Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің инспекторы:
– Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес альтернативті баспанасы болған жағдайда ғана оны бөлек шығару нормасы қарастырылған. Біз болашақтағы заң жобасынан дереу түрде тиранды отбасынан бөлу нормасын күтіп отырмыз.