422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысында мектеп құрылысы кестеден кешеуілдеп жатыр

  • 105
  • UPD: 20:41, 06.11.2020

Қызылорда облысында Президент тапсырмасымен салынып жатқан мектеп құрылысы созылып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа білім ұясы қараша айының соңына дейін бітуі тиіс еді. Мемлекет басшысының назарындағы нысан неге кестеден ауытқыды?

Арал ауданының тұрғыны Қайрат Бәшенов 37 жылдан бері құрлыста тер төгіп келеді. Арнайы білімі болмаса да, ол – кірпіш қалаудың шебері. «Алайда көп жағдайда құрылыс компаниялары жергілікті жұмысшылардан гөрі шетелдік арзан жұмыс күшін пайдаланғанды жөн санайды», – дейді ол.

 

Биыл пандемияға байланысты шекара жабылып, жыл сайын көрші елдерден ағылатын жалдамалы жұмысшылардың жолы кесілді. Қазір Арал ауданының Сексеуіл кентіндегі мектепті жергілікті құрылысшылар салып жатыр. «Құрылыстың 1,5 айдай кеш басталуының бір себебі кірпіш қалаушылардың жетіспеушілігіне байланысты», – дейді учаске бастығы.

Абай Байғазиев, құрылыс учаскесінің бастығы:

– Бірінші кірпіш қаланып бітпесе, сылақ басталмайды ғой. Құрылыс заттары жетіспеді. Сондықтан кішкене кештеу бастадық. Құрылысшылар жан-жақтан жиналғанша қанша уақыт кетті. Ғимарат 25 желтоқсанда ұсынылады .

Құрылыс басындағылар жоспарға сай желтоқсанның 1-іне емес, ең болмаса Жаңа жыл қарсаңына дейін үлгеру үшін қарбаласып жатыр. Ол үшін құрамында 100-ден астам адамы бар 9 бригада жұмылдырылған. Олар кірпіш қалау жұмыстарымен қатар қабырғасын сылап, терезесін салып, тіпті жылу, жарық жүйелерін де бір мезетте жүргізуде. Жұмысшылардың бір бөлігі шатырын жабуға да крісіп кеткен.

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

– Тамыз айының аяғында құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда жұмыс қарқынды: 3 ауысымда жүріп жатыр. Пандемиялық жағдайға байланысты зауыттарда карантин енгізіліп, бетон, кесек өнімдері шығарылмай, кешеуілдеп қалды. Оның үстіне пандемияға байланысты сақтық шараларын сақтау мақсатында жұмысшылар да кеш шықты.

Құрылыс басындағылар мектепті қолданысқа кештеу береміз дегенмен, облыстық Құрылыс басқармасы межелі мерзімінде үлгереміз деп сеніммен айтып отыр.

Бердияр Пірімбетов, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Құны – 864 млн теңге. Қазір 70% жұмысы бітті. Енді алдағы 1 желтоқсанда бәрін толық тапсырамыз.

Айта кетейік, Сексеуіл кентінде 3 мектепте 2,5 мыңдай оқушы білім алады. Сол білім ұяларының екеуінде орын тапшы. Бұл оқу ошақтары теміржолдың тек бір жақ бетінде орналасқандықтан, 600-ден астам оқушы қаз-қатар жатқан 15 рельсті қиып өтіп, мектепке қатынауға мәжбүр. Ақпарат құралдары арқылы айтулы мәселеге қаныққан Мемлекет басшысы кентке жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма берген. Жоба бойынша 300 орындық мектеп құрылысы биыл мамыр айында басталып, 1 желтоқсанда қолданысқа берілуі тиіс.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы