422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арыстағы жарылыстан зақымданған үйге қатысты дау-дамай шешілер емес

  • 142
  • UPD: 23:04, 06.11.2020

Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан қайта салынған үйлерге қатысты дау-дамай басылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жарым жыл өтсе де, құрылыс сапасына сын айтып, баспанасы көңілінен шықпаған тұрғындар жергілікті әкімдіктің есігін қағып жүр. Біздің тілшілер азаматтардың шағымын тыңдап, мәселенің тереңіне үңіліп көрді.

Мына екі қабатты тұрғын үй әскери қоймадан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан. Соған қарамастан жарылыс кезінде снаряд түсіп, қабырғасы зақымданған. Арнайы құрылған комиссия ескі үйді бұзып, орнына дәл сондай жаңа баспана салу туралы шешім шығарған. Үй қайта тұрғызылды. Бірақ оған Тоққұловтар әулетінің көңілі толмады. Себеп: үйлерінің бөлмелері азайып қалған. Қазіргісі үшеу. Ал бұрын 6 бөлме болғанын айтады.

Күлзипа Тоққұлова, Арыс қаласының тұрғыны:

– Үй өзімнің атымда. Барлық құжаты заңды. Мәселе: оның 3 бөлмесі салынбаған. Ол жер бос тұр. Соны салмай отыр.

Күлзипа ананың ұлы Құралбектің айтуынша, ол осы мәселені шешу үшін талай табалдырықты тоздырыпты. Шағымданбаған жері жоқ. Облыс әкіміне дейін барған. Істі тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанымен, нәтиже жоқ дейді.

Құралбек Тоққұлов, Арыс қаласының тұрғыны:

– Ақпан айында Өмірзақ Шөкеевке барып, Арыстың әкімімен кездескенде облыс әкімі оған салып беруін бұйырған. Арыстың әкімі орнына келтіруге уәде берді. Бәрі тексерді. Мынаның дұрыс екенін, заңды екенін айтты.

Ал Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек тұрғын үйге жапсарлас 3 бөлмені қосып салып бере алмайтынын айтты. Себебі құрылыс бұрын 2003 жылы заңсыз жүргізілген. Сондықтан өтемақы да төлемейтінін жеткізді. Тек заң аясында сот арқылы ғана шешуге кеңес берді.

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі:

– Азаматтық қорғаныс туралы заңның талабына сәйкес біздің тұрғын үйлерді тек бюджет есебінен қалпына келтіруге құқығымыз бар. Ал жапсарласып салынған үйдің құжаты толық рәсімделмеген. Оның астындағы жер ортақ пайдаланудағы жер. Ол жерге тұрғын үй салуға болмайды. Бұл кісі осы мәселені даулап жүр. Бірнеше рет келген. Түсіндіріп айтылған. Заң талабымен, сот тәртібімен шешім қабылдайық деп те ұсыныс жасалған. Оған көнбей осылай дау шығарып жүр.

Былтырғы жарылыс кезінде Арыс қаласындағы 8 мың үйдің 7 мыңнан астамы зақымданған болатын. Оның ішінде 400 үй басынан бастап қайта салынды. Қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық аймағынан 500-ден астам компания мен 10 мыңға жуық жұмысшы тартылды. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы