422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістандағы балалар ауруханасында биыл 800 операция жасалған

  • 115
  • UPD: 10:41, 07.11.2020

Түркістан қалалық балалар ауруханасында күрделі операциялар жасалуда. Бұған дейін білікті мамандар мен қажетті құрал-жабдықтардың болмауынан бұндай операциялар басқа қалаларда жасалатын.

Қазір жағдай өзгерді. Облыс орталығына жан-жақты көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. 

10 жасар Мұстафаға операция жасалып жатыр. Құйымшақ жылауығы алғаш 4 жасында пайда болған. Бірақ ол кезде кішкентай болған соң әрі оны бала ауырсынбағандықтан дәрігерлер кейінге шегеріпті. Анасының айтуынша, соңғы 1-2 күнде бүлдіршін өзін жәйсіз сезінген. Бірден осында әкеліпті. Бұрын мұндай күрделі операциялар Шымкент қаласында жасалатын. Енді жергілікті дәрігерлердің де қолынан келеді. 

Мінәжат Бекметова, қала тұрғыны:

- Қазір баламыз операция бөлімінде. Осман Азизбек деген хирург операция жасап жатыр. Дәрігерлерінің бәрі жақсы, іші таза, мүмкіншіліктері де көп. Операция жақсы аяқталады деген үміттеміз.

Бауыр еті баласының денсаулығына алаңдаған ананың үміті ақталды. Операция сәтті аяқталып, Мұстафа палатаға ауыстырылды. Қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Әбдішүкір Егізбаевтың айтуынша, мұнда 8 бөлім бар. Онда білікті 54 дәрігер мен 130 орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Жаңа қондырғылар алынған. Жас мамандарды шетелге жіберіп, тәжірибесін шыңдаған.

Әбдішүкір Егізбаев, қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері:

- Жылдың басында кішкентай шақалақтарды емдейтін дәрігерлеріміз Новосибирскіде барып оқып келді. Ендігі жылы эндовидеохирургиялық қондырғыны, бронхоскоп, систоскоп, колоноскоп сияқты диагностикалық аппараттарға тапсырыс бердік. Соларды алсақ біздің медициналық көмегіміздің шеңбері кеңейеді. Былтырдан бері хирургия, урология саласында біраз балаларды өзіміз осы жерде тексеріп, диагнозын анықтап, операция жасап жатырмыз.                                                                                                

Айта кетейік, түркістандық хирургтар жыл басынан бері 800-ден астам жедел және жоспарлы операцияларды сәтті жасаған.

Хабар 24 телеарнасы