423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында биыл жүзге жуық аяғы ауыр әйел КВИ жұқтырған

  • 98
  • UPD: 11:24, 07.11.2020
Қарағанды облысында биыл жүзге жуық аяғы ауыр әйел КВИ жұқтырған

Қарағанды облысында пандемия басталғалы жүзге жуық жүкті әйел індет жұқтырған. Бүгінгі күні әлі де стационарда ем алып жатқан 150 адамның 4-еуі аяғы ауыр әйел. Олардың кейбірі айы-күні жақындағанда қауіпті індеттің ауыр формасын бастан өткерген. Абырой болғанда, өздеріне де, нәрестелерге де қауіп жоқ екен.

Нұрхат Адамқұлова Қарағанды облысындағы онкологиялық орталықта жұмыс істейді. Індет елді жайлай бастаған шақта пациенттердің бірінен COVID-19 анықталыпты. Осыдан кейін мамандар жаппай ПТР сынама тапсырған. Өкінішке орай, құрсағында 4 айлық баласы бар келіншектің сынамасы оң нәтиже көрсеткен. 

Нұрхат Адамқұлова, қала тұрғыны:

- Стресс, күнделікті уайым болды. Өзім үшін, балаларым үшін. Үйдегі балалар үшін. Уайымдап, бәрін өттік қой, қазір барлығы жақсы.

Үшінші нәрестесін дін аман өмірге әкелген әйел қазір де жоспарлы медициналық байқаудан өтіп жүр. Аурудың салдары әлі де қылаң беріп, кейде әлсіреп қалады. Өкпесі 50 процентке қабынса да қауіпті індеттің басқа белгілері қалмаған. 

Сергей Ким, реаниматолог:

-  Ең алғашқы кеуде суретінде өкпенің қабынуы 30 процент болған. Араға 2 күн салып, қайталап өткенде 50%-ке жетіпті. Алайда жөтел қысып, клиникалық белгілері болмаған. Тіпті 90% өкпесі қабынған пациенттер болды. Бірақ оларда клиникалық белгілері болмайды. Аурудың қауіпті тұсы да осы.   

Бүгінгі күні облыс бойынша провизорлық орталықтар 3 процентке ғана толған. «Ал осыдан бірер ай бұрын жағдай тым ауыр болып еді» деп еске алады ақ халаттылар. Тіпті жүкті әйелдердің бірінің өкпесі 95 процентке қабынған. 40 күн бойы реанимацияда жатқан ол, індеттен құлан таза айығып, тіпті өмірге дені сау баланы әкелген.

Лейла Оспанова, акушер-гинеколог:

- Жүкті әйел ауырып жүріп толғағы қысқанда баланы кесір тілігі арқылы алдық. Барлық перинаталды орталықтарда операциялық бөлімдер бар. Ал мамандардың барлығы арнайы киімде болды. Нәрестені қолға ала салып, анасының кеудесіне жатқызбай, жеке алып кетуге тура келді. Кейін сауыққаннан кейін ғана бала мен анасын жүздестірдік.

Бүгінде облыс бойынша COVID-19 белгілері бар 4 жүкті әйел бар. Олар вирусқа қарсы терапиядан өтіп жатыр. Дәрігерлер әрбірі үшін жеке емдеу курсы дайындалғанын айтады. Сондықтан олардың өміріне қауіп жоқ көрінеді. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы