422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетаудың айналасына санитарлық бекеттер қойылды

  • 138
  • UPD: 12:30, 07.11.2020

Ақмола облысында карантин талаптары күшейтіліп жатыр. Бүгіннен бастап Көкшетау қаласының айналасына санитарлық бекеттер қойылды. Себебі шаһарда коронавирусқа шалдыққандар соңғы бір аптада 3 жарым есеге көбейіп кеткен. Сондықтан осындай қадамға барып отырмыз. Аймақтың бас санитар дәрігері осылай деді.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жалпы облыс орталығының шекараларына 6 санитарлық бекет қойылды. Қазір біз солардың бірінде тұрмыз. Бұл қаланың елорда бағытына шығаберісі. Мұнда көлік нөпірі де басқа бағыттарға қарағанда көптеу. 

Ал әр бекетте бір медицина қызметкері мен бірнеше полицей қызмет атқарады. Олар қалаға кіріп шыққан әрбір адамның дене қызуын өлшеп, анкеталық мәліметтерін алады. Сондай-ақ КОВИД-19 деректер базасы арқылы азаматтың коронавируспен ауырғанын немесе вирус жұқтырған адаммен байланыста болған-болмағанын анықтайды. Яғни шаһарға келіп кеткен әр жолаушы бақылауға алынады деген сөз. Сондай-ақ облыс көлемінде де сақтық шаралары күшейтілді.

Айнагүл Мусина, облыстың бас санитар дәрігері:

- Барлық елді мекендердің тұрғындарына кешкі сағат 21:00-ден бастап таңғы 6-ға дейін көшеге шығуға тыйым салынды. Қоғамдық тамақтану орындары кешкі 19:00-ге дейін ғана жұмыс істеуі тиіс. Ал демалыс күндері жабылады. Сауда орындары да сенбі-жексенбі жұмысын тоқтатады. Ал шаштараздар жексенбі күні жабық болады. Қоғамдық көліктер де демалыс күндері жүрмейді. 

Санитарлық дәрігерлер әзірге осындай амалдарды қолданып көрмек. Алайда жағдай ушығып жатса, санитарлық бекеттер блок-бекеттерге айналуы әбден мүмкін.

Айта кетейік, Ақмола облысында осы күнге дейін 4 мыңға жуық адам коронавирусқа шалдықты. Абырой болғанда, олардың 3 жарым мыңға жуығы аталған аурудан жазылып шықты.

Хабар 24 телеарнасы