424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да құс шаруашылығымен айналысатындар көбейді

  • 95
  • UPD: 10:07, 08.11.2020

БҚО-да құс шаруашылығымен айналысатын отбасылар көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында мемлекеттік грантқа ие болғандар да бар. Еңбекқор жандардың біразы бұл кәсіпті күнделікті табыс көзіне айналдырып үлгерді.

Талдықұдық ауылында тұратын Берік Дәулеткерей еш жерде жұмыс істемейді. Ауласында тауық өсіріп күнелтіп отыр. Қаладан 100-ден астам балапан сатып әкелген. Алайда таңсық тірлік болғандықтан, алғашында құстардың біразын өлтіріп алды. Қазір 60 шақты тауық қалған. Инкубатордан шыққан құстар балапан баспайды. Десе де, бір жақсысы:  қыста да, жазда да жұмыртқа береді екен.

Берік Дәулеткерей, Талдықұдық ауылының тұрғыны:

– Күніне 30-60 шақты жұмыртқа шығады. Ауа райы салқын болғандықтан, кейде аз өнім алынады. Мезгіл жақсы болғанда, мысалы, жаздың уақытында өнім көлемі арта түседі.

Ал Жалпақтал елді мекенінде Жоламан Қайырғалиев 550 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант иеленген. Бизнес жобасы шеңберінде жазда 200-ден астам құс сатып алды. Тауықтарды тұқымына қарай бөліп, күтіп-баптап отыр. Алайда қазір шаруаның көңілі күпті.

Жоламан Қайырғалиев, Жалпақтал ауылының тұрғыны:

– Мұны мен маусымда алып келдім. Одан кейін алты айдан асып кетті ғой. Таңертең және кешке уақытымен шығарамын. Шарбақта жайылады.

Қазталов ауданында құс шаруашылығын қолға алған отбасылардың қатары артты. Дегенмен бәрі бірдей көл-көсір пайда тауып отыр деуге келмейді. Қолдағы бірді екі етіп, екіні еселегендер де, түрлі себептермен тірлігі тұралап тұрғандар да бар. Биыл 30 адамға мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант берілді. Олар 6 мың құс сатып алған.

Радж Шарипов, Қазталов аудандық халықты Жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Көбі – атаулы көмек алатын көпбалалы отбасылар және 29 жасқа дейінгі жастар, жұмыссыз азаматтар. Өздері барып, тауықтарды Орал қаласынан, көрші Ресей елінен әкеліп жатыр. Біз мамыр айында 11 адамға әдейі бір оператормен келісіп, құс әкеліп бердік. Олар өз өнімдерін ауылдық округтердегі дүкендерге, ауыл тұрғындарына сатып жатыр.

Ауданда құс тұмауының алдын алу шаралары жүргізілді. Ветеринария станциясының мамандары қазан айында ауруға қарсы 10 мыңға жуық құс еккендерін айтты. Сонымен қатар тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Аймақта құс тұмауы тіркелген жоқ.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы