420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы көне мектеп ғимараты құлағалы тұр

  • 150
  • UPD: 09:37, 09.11.2020

Қабырғалары жарылып, іші-сыртының сылағы түскен.

Нысанның апатты жағдайда екеніне қарамастан 1-сыныптың балалары оқып жатыр. Ата-аналар ауылда жаңа мектептің салынуын күте-күте шаршағандарын айтады.

Құлаудың аз-ақ алдында тұрған білім нысаны Жылысу ауылына тиесілі. Алма Оразбаева атындағы мектептің есіктері зорға ашылып-жабылады. Оқу кабинеттерінің қабырғасы жарылып, парталар мен орындықтар үгітіле бастапты. Ауыл балаларының мұндай қиын жағдайда оқып жүргеніне бірнеше жылдан асқан. 

Апатты жағдайда тұрған мектеп ғимаратында бұрын мақта өңдейтін кәсіпорын болыпты. Іргесіндегі нысан жұмысшылар жатақханасы ретінде салынған. Кейін оның іші оқу кабинеттеріне айналды. Мұндағы спортзалға көптен адам кірмеген соң шаң басып тұр. Мәселені шешудің бір ғана жолы - жаңа мектеп тұрғызу. Ауыл тұрғындарының әкімдіктен сұрап жүргеніне біраз уақыт болды. Соңғы рет жобаның іске қосылар мерзімі айтылған күннен бері 3 жыл өтіпті.  

Содан бері ешқандай өзгеріс болмапты. Қолданыстағы мектепке мүлдем жөндеу жасалмаған көрінеді. Қыс айлары салқын сыныптарда отыру мүмкін емес. Балалардан бөлек ұстаздар қауымын да осы мәселе қажытып жүр.

Дәріжан Ерубаев, мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі:

- Жаңа мектеп салуға 2018 жылы мемлекеттік акт алынған. Мектептің техникалық жағдайы жасалған. Биыл бастау керек еді, бастамады. Ендігі жылы бұйырса бастайтын шығар. Құжаттарының барлығы дайын.

Гүлайна Ахметова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Мектептің жағдайын көріп отырсыздар, оқушыларды да амалдап қазіргі жағдайға байланысты шақырып отырмыз. Аз ғана оқушы шақыруға мүмкіндік болып тұр. Жаңа мектеп керек. Мына парталардың бәрі ескі, басқа мектептерден әкелінген.

Сарыағаш аудандық әкімдігінің қызметкерлері апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептерді жоюдың күн тәртібінде тұрғанын айтып отыр. Тек биыл басқа мектептер қалпына келтіріледі. Ал Жылысу ауылында білім беру нысанын тұрғызу 2022 жылға жоспарланған.

Смайыл Тасқұлов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:

- Алма Оразбаев жалпы орта мектебінде 238 оқушы дәріс алады. Әзірге қашықтықтан оқып жатыр. Кезекші 3 топ бар, 15 оқушыдан. Жаңа мектеп ғимаратын салайын деп жатырмыз. Соған біз қажетті жерін бөліп, келесі жылға құжатын дайындап жатырмыз.

Жоба бойынша жаңа мектеп ашық спорт алаңының аумағында салынады. Жер теліміне мемлекеттік акт жазылып, жауапты мамандарға берілген. Ендеше ауылдықтарға кезекті уәделі мерзімді күтуден басқа амал жоқ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы