425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-дағы Аққурай ауылының тұрғындары ауыз су мен көгілдір отыннан таршылық көріп отыр

  • 61
  • UPD: 10:35, 09.11.2020

Ауыл стратегиялық маңызы бар елді мекендердің қатарында болғанымен, әлеуметтік дамуы мен инженерлік инфрақұрылымы сын көтермейді.

Тұрғындар әлі күнге тезек жағып отыр. Ал тіршілік нәрін құдықтан тасып ішеді. Шаруашылыққа да сол суды пайдаланады.

Ақзибаш әжей таң атысымен қорадан шелектеп тезек әкеліп, пешке от жағады. Суық күндері үйдің тез жыли қоюы екіталай. От сөнбес үшін жиі-жиі отын қалап тұрады. Тамақты да ошаққа пісіреді. Күндегі күйбең тірлік әжейге оңай емес.

Ақзибаш Мұқанбетова, Аққурай ауылының тұрғыны:

- Осы тезектің шоғанына нанды пісіреміз. Ол тезекті дайындау да оңай шаруа емес. Қыстай малдың тезегін сыртқа шығарамыз, кептіреміз. Оны қораға жинаймыз. Қыста сол тезекті жағып шығамыз. Көмір алмаймыз. Көмір қымбат. Жұмыс істемеген соң ақша жоқ.

Ал су ауыл шетіндегі құдықтан алынады. Бұған дейін тұрғындар жалғыз құдықпен күнелтіп отырған еді. Жуырда екіншісі қазылыпты. Алайда тіршілік нәрінің тапшылығы мұнымен шешіле қоймады. Ауылдық ағайын ішуге де, шаруашылыққа да осы суды пайдаланады.

Индира Кенжеғалиева, Аққурай ауылының тұрғыны:

- Ішетін суымыз болмай қалды. Өзіміздің қолдан қазған құдығымыздан ащы судан ішеміз. Одан шай да шықпайды. Балаларымызға да қиын болды.

Асылбек Рахымғалиев, Аққурай ауылының тұрғыны:

- Құдық қаздық, 7 метр. Қазір күн салқын. Сосын жетіп тұр. Мал суару бір мезгілге көшті. Ыстықта жетпейді. 

Аққурайда 200-ге жуық адам тұрады. Тұрғындардың тірлігі төрт түлікпен байланысты. Алайда су көзі болмағандықтан, шаруалар мал санын көбейте алмай отыр. Ауыл маңында болған көбік те біраз жыл бұрын кеуіп кетіпті.

Мұнайдар Ищанов, Аққурай ауылының тұрғыны:

- Қиындау. Малдың санын көбейткің келеді, көбейте алмаймыз. Сосын малды сатып жатырмыз. Азайып жатыр.

Досжан Ахметов, Болашақ ауылдық округінің әкімі:

- Жергілікті бюджеттен 2 млн 880 мың ақша бөлінді. Көбік қазуға, тазартуға. Қарашада жұмыс басталады. Ауыз су оларға жеткілікті. Біз оларға жетпейтін болар деп су тасыдық. Су тасығанда тек екі-үш үй алды да, қалғандары алған жоқ.

Елді мекендердің дамуына жүргізілген мониторинг бойынша шекара маңындағы Аққурай стратегиялық маңызы бар ауылдардың қатарына жатқызылған.

Тілепберді Каюпов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Біздің облысымыз бойынша 428 елді мекеннің 222-сі критерийлерге сәйкес келуіне байланысты болашағы бар ауылдарға кірді. Соңғы 3 жылдағы, 5 жылдағы статистикалық көрсеткіштер алынады. Яғни бірінші кезекте миграция, яғни көшіп-қону, елді мекеннен адамдардың кетуі.

Бұл елді мекендегі көрсеткіштер барлық критерийге сәйкес келіп тұр. Демек ауыл мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жоспарына ене алады. «Жергілікті әкімдік ауылдың әлеуетін жақсартуға бағытталған шараларды қабылдауы тиіс». Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы осылай дейді. Су мен көгілдір отыннан таршылық көріп отырған Аққурайдағы ағайынның келешектен күдер үзгісі жоқ. Тек аңсаған күннің қашан келері белгісіз...

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы