423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында 12 санитарлық бекет қойылды

  • 103
  • UPD: 11:41, 09.11.2020

Мұндай өткізу орындары алғаш рет сәуір айында жасақталып, індеттің беті қайтқан соң алынып тасталған еді.

Енді вирусты жұқтырғандардың көбеюіне байланысты карантин шараларын тағы да күшейтуге тура келді.

Жалпы еліміз бойынша бүгіннен бастап Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа шектеулер күшіне еніп отыр.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Біз қазір Қостанайдан Рудный қаласына шыға берістегі санитарлық бекетте тұрмыз. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты облыс орталығы осындай 2 бекетпен қоршалған. Төрт санитарлық бекет Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарға қойылса, қалғандары Жітіқара мен Қостанай аудандарында орнатылды.

Санитарлық бекетте 94 адам адам кезекшілік етеді. Олар полицейлер, дәрігерлер, жедел әрекет ету тобының қызметкерлері. Қостанайға кіріп шыққан көліктер түгелдей тексеріліп жатыр. Тәртіп сақшыларының міндеті - көліктерді тоқтату, ал медицина мамандарының міндеті - жүргізуші мен жолаушылардың дене қызуын өлшеу. Техника қозғалысына ешқандай шектеу жоқ. Жүргізушілерден арнайы рұқсат қағазы талап етілмейді.

Қостанай облысында коронавирустық инфекция күннен күнге белең алып барады. Өткен аптада өңірдің бас санитар дәрігері карантин талаптарын күшейтіп, Қостанай қаласын екі аптаға жабу жөнінде қаулы шығарған. Сонымен қатар кешкі сағат 9-дан таңғы 6-ға дейін тұрғындар себепсіз көшеге шығуға тыйым салынды. Өткен аптада облысқа іс-сапармен келген вице-премьер Ералы Тоғжанов жалпы эпидемиологиялық ахуалын сынға алған. Темір жол арқылы жолаушылар тасымалына шектеу қою туралы тапсырма берген. Бұдан былай Қостанайдан Қарағандыға, Алматыға аптасына 7 рет қатынайтын жолаушылар пойызы саны 3-ке дейін қысқарды.

Аймақта демалыс күндері әлі де локдаун боп саналады. Сенбі-жексенбіде қоғамдық көлік тоқтайды. Азық-түлік сататындардан басқа сауда орындары істемейді. Айта кетейік, аймақ бойынша 3 сәуірден бері коронавирус инфекциясына шалдыққан 3866 адам тіркелген. Жазылып шыққаны - 3334 адам.

Арман Бектұрсынов, патрульдік полиция инспекторы:

- Егер жүргізуші мен жолаушылардан дене қызуы анықталса, дәрігерлер жүргізуші мен жолаушыны госпитальге жеткізеді. Ал біздің міндет - жүргізушінің автокөлігін арнайы автотұраққа қою. ПТР тесті шекаралық аймақтарда жүргізушілерден ғана сұралады.

Хабар 24 телеарнасы