424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарға кіре беріс жолдарға өткізу бекеттері орнатылды

  • 108
  • UPD: 13:35, 09.11.2020

Бүгіннен бастап өңірде карантиндік шектеулер күшіне енді.

Облыс орталығына кіретін барлық адам жіті тексеріледі. Блок бекеттерде полиция, медицина қызметкерлері мен қала әкімдігінің өкілдері кезекшілік етіп жатыр. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Аймақта эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты емес. Себебі жұқпалы індетке шалдыққандар туралы статистикалық мәліметтер күн сайын жаңарып жатыр. Осыдан екі күн бұрын тәулігіне 60 адам тіркелген болса, бүгін тағы жұқтырған науқастар анықталды. Ал блок бекеттердің жұмысына келетін болсақ, әрбір көлік тоқтатылады. Дәрігерлер жүргізуші мен ондағы жолаушылардың дене қызуы өлшейді. Полиция қызметкерлері құжаттарын тексереді. Біз қазір Нұр-Сұлтан-Павлодар бағытында тұрмыз. Блок бекет қаладан 10 шақырым жерде орналасқан. Осы жақын маңдағы ауылдармен Ақсу қаласының тұрғындары облыс орталығына келіп жұмыс істейді. Карантин ережесіне сай олардың бәрінің қолында арнайы анықтама болуы шарт. 

Карантиндік шектеулер алынғаннан кейін адамдардың босаңсып кеткенін дәрігерлер жоққа шығармайды. Оның үстіне Павлодар арқылы өтетін транзиттік бағыттар өте көп. Басқа мемлекеттерге қыдырып барып келгендерден де ауру белгілері табылып жатыр.

Күздің қара суығында суық тиіп ауыру, тұмауға шалдығу белең алады. Дегенмен коронавирус жаппай таралған маусым-шілде айларына қарағанда жағдай біршама тәуір. Жуырда жұқпалы ауруларға арналған модульді госпиталь қолданысқа берілді. 200 орындық емдеу мекемесі қаладан оқшау тұр. Жағдайы ауыр науқастар үшін 20 орындық жансақтау бөлімі бар. Шағын операциялық зал, ПТР-сараптама жасайтын жедел зертхана жұмыс істеп тұр. Ауырған науқастар осы жаңадан ашылған ауруханада емделіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы