425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да ақшиліктер сапалы ауызсуға жарымай отыр

  • 117
  • UPD: 21:05, 09.11.2020

Ақши ауылы 30 жылдан бері ауызсуға жарымай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

ШҚО-ның Аягөз ауданына қарасты бұл елді мекенде тіршілік нәрі халыққа тек 2 сағат қана беріледі.

Осы кезде үлгергендері үлгереді, қалғаны арбамен көше аралауға мәжбүр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері биыл жазда бұл мәселе шешімін табады деп сендірген. Алайда мердігерлер карантин шараларына байланысты жұмыстар кешеуілдеп жатқанын айтады.

800-ге жуық тұрғыны бар Ақши ауылында ауызсу 2 сағат қана беріледі. Өйткені осыдан 30 жыл бұрын су құбыры тартылғанда жобада олқылықтар болған. Су шығатын ұңғыма мен су жинайтын мұнараның арасы – 2 шақырым. Яғни қашықта орналасқан сорғылардың 25 тонна су жинауға қауқары жетпей қалады. Ал төменде орналасқан 30 шақты үйге мүлдем құбыр тартылмаған.

Сарқыт Сейітжанов, Ақши ауылының тұрғыны:

– Құдықтан су ішеміз. Су тұзды. Тұзы жылдан-жылға көбейіп келеді. Құм да шығып кетті. Жердің ерекшелігі сондай. Әйтеуір үміттеніп отырмыз. Келесі жылдан қалмай, берсе екен деп үміттеніп отырмыз.

200-ге жуық бала білім алатын орта мектеп те ауызсудан тарығып отыр. Мұнда 60 оқушы интернатта тұрып оқитынын ескерсек, тіршілік нәрінің маңызы айтпаса да түсінікті.

Ғалия Нығметжанова, Ақши орта мектебінің директоры:

– Суды біз ауылдық жерден аламыз, ол 2 сағатқа ағады. Сондықтан біз балалардың жуынуы үшін интернатқа аппараттар қосқанбыз. Суды мотор арқылы жинап алады. 4 қолжуғыш қойдық. Асханаға да осындай аппарат қойылған. Онда ыдыс-аяқ жууға пайдаланады. Ішетін су  да сол жерден.

Өткен жазда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жоба жасалып, қазынадан 10,5 млн теңге бөлініпті. Жоба бойынша төменгі ауылға құбырлар тартылып, сорғылар жаңадан орнатылуы тиіс болған.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Осы мәселені шешу үшін су жинағыш мұнараға жақыннан, яғни 400 метр жерден тағы бір жаңа ұңғыма қазылып, 70 метр жерден таза су шығару көзделген. Дегенмен құрал-жабдықтар толық келмегендіктен, әлі бұл жоба жүзеге аспай тұр.

Айдар Қалиев, Ақши ауылдық округінің әкімі:

– Кешігуге негізгі себеп – карантин. Мысалы, су құбырларын басқа қаладан әкелу біраз уақытты алды. Жұмысшылар тест тапсыруы біраз уақытты алады. Сорғыш, электр желісі, су құбырлары тартылған. Ендігі мердігер компания өкілдерінің айтуынша, 10 күннің ішінде толықтай қосып, су жібереді. Халықтың талайдан кейінгі 30 жылғы арманы орындалып, 24 сағаттық су беру тәртібіне көшеміз деп жоспарлап отырмыз.

Ауылдағы тағы бір түйткіл – интернет мәселесі. Студенттер осы кедергінің кесірінен қалада пәтер жалдап тұрып жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе де жыл соңына дейін шешімін табады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы