425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ақжайық» резерватында бүгін 81 құстың өлексесі табылды

  • 126
  • UPD: 21:02, 09.11.2020

Атырау облысындағы «Ақжайық» табиғи резерватында құс қырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі есеп бойынша бұл аумақтан 81 құстың өлексесі табылған. Бірақ себебін ешкім білмейді. Қорық аумағынан алынған су, топырақ және ауа сынамасы елордадағы зертханаға жіберілді. Оның қорытындысы алдағы 2-3 күнде белгілі болады. 

Ақжайық резерватында құстардың қырылуы алдымен 4 қарашада тіркелген. Резерват қызметкерлері 16 құстың, яғни 11 суқұзғын мен 5 шағаланың өлексесін тауыпты. Келесі күні мониторинг кезеңінде тағы 20 суқұзғынның өлгені анықталған. Сондай-ақ 6-7 қараша күндері 13 құстың өлгені тіркелген. Құстардың қырылу себебі қазір анықталып жатыр.

 Асхат Қарабалаев, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты басшысының орынбасары:

– Екі құстың өлексесі астанадағы зертхана жіберілді. Сонан кейін судың, ауа мен топырақтың сараптамасы алынды. Оның қорытындысы шықса, бір-екі күнде себебін айтатын боламыз. Басқа аң-құстардың жағдайы жақсы.

Бүгінде Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында қырылған құстардың саны 81-ге жетті. Резерват аумағынан тағы 2 шағала мен 41 су құзғының өлексесі табылып, жойылған. Қазір Атырау орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жанынан комиссия құрылып, іске кірісті.

Мереке Шалқаров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Бізде сараптама қорытындысы болмағандықтан, нақты белгілерін айта алмаймыз. Бірақ қазір құстардың миграциясы жүріп жатыр. Басқа да өлмеген құстарды қарағанда әлсірегендерін де байқадық. Біздің тұжырымымыз бойынша бұлар – миграция кезінде шаршап, әлсіреп қалған құстар. Осыған байланысты бүгін жұмыс комиссиясы құрылып, сол аймақты тағы да бақылап, зерттеп қарауға дайындалып жатырмыз.

Өлген құстар негізінен балықпен немесе өлексемен қоректенетін қанаттылар қатарына жатады. Дегенмен табиғат қорғаушылар бүгіннен бастап қорық аумағында қырағылықты күшейтті.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Осындай олқылықтар жиі қайталанып отыр. 2013 жылы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының акваториясына кіретін Шағалалы аралында шағалалар жаппай қырылған болатын. Сол уақытта 1250 өлі құс табылды. Өкінішке қарай, сол кезде қанаттылардың ажалына не себеп болғаны анықталмай қалды. Кейін 2019 жылы Жайық өзені уланып, 121 тонна балық қырылды. Бұл жағдай да жіті тексерілген жоқ.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы