422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында тұрғындар газ тарту бағасының қымбаттығына шағымдануда

  • 124
  • UPD: 22:01, 09.11.2020

Шелек ауылына газ бұдан 3 жыл бұрын жеткен

Монополист компания магистральды құбыр арқылы көгілдір отынды ауылға дейін тартып берді. Ал ауылішілік құбыр тарту міндеті жеке инвесторға жүктелген. Алайда жұмыс қарқыны баяу. Себебі тұрғындар газ кіргізу бағасының қымбат екенін айтады. 7 мыңнан астам отбасы тұратын ауылда тек 430 үй ғана газ құбырына қосылған.

Шағын кәсібі бар Зарина Әбитова карантин кезінде табысының азайғанын айтады. «Әлі күнге ес жимадық», –дейді. Қыс таяп қалды. Кәсіпкерлік нысанына газ кіргізуге рұқсат алу үшін заңды тұлға 1 млн теңге төлеуі керек екен.

Зарина Әбитова, кәсіпкер:

– Біз бір жылдың ішінде мұндай табыс таппаймыз. Рұқсат алудан басқа құбыр мен пеш алуымыз керек. Оны орнатып беретін жұмысшылардың ақшасын төлейміз. Соның бәрін қосқанда 2 млн теңгеге жетейін деп тұр.

Ауыл халқының көбі ақшасы жоқ болғандықтан, газ кіргізбей отыр. Табыс тауып отырғандар болмаса, зейнеткерлердің қалтасы көтермейді. Көмір бағасы да арзан емес. Жеке тұлғалар үшін газды пешке жеткізу құны – 350 мың теңге. Пеш алу, тағы басқа қажетті жабдықтар мен жұмысын қосқанда 800 мың теңгеге жетеді.      

Әзиза Хидаятова, Шелек ауылының тұрғыны:

– Зейнетақым – 62 мың теңге. Үйіме газ кіргізгім келеді. Алайда оған төлейтін ақшам жоқ. Көгілдір отынның қызығын көру үшін кемінде 1 млн теңге қаржы керек.

Фарида Дәулетова, Шелек ауылының тұрғыны:

– Олар қоса алмай жатыр. Өйткені зейнеткерлердің жұмысы жоқ. Ұйғыр ауданында арзанға салып жатыр. Қалаларда да. Ал бізде кім жасап жатқаны белгісіз. Білмеймін. Барып айтсам да, тыңдамайды.

Миязим Ахметов, Шелек ауылының тұрғыны:

– Қаланың өзінде газ өткізу құны 129 мың тг болады. Ал бізде 350 мың теңге. Өзіңіз ойлап қараңызшы, жиырмалық құбыр мен есептегіш құны 350 мың теңге болмайды. Монтаж жасату керек, қажет жабдығы тағы бар. Адамдардың жағдайын ойлау керек сияқты.

35 мың халқы бар ауылдың әкімі инвесторды ақтап отыр. Айтуынша, компанияның шығыны көп. Газ тарату станциясын салуға жұмсаған қаржыны халықтың есебінен қайтармақшы. Ақша бюджеттікі болмаған соң бағаны жеке компанияның өзі бекіткен. Ал құбырды жүргізетін мердігер компания 5 рет ауысыпты. 

Сәкен Әбдіқалиев, Шелек ауылдық округінің әкімі:

– Инвесторлар мына жерден үлкен станция салған. Тағы екеуін салайын деп жатыр. Сол мәселе бар. шығындарды есептеп, соған байланысты бір үйге қосылу сомасы шыққан болу керек. 

Ерлан Халықов, мердігер компания өкілі:

– Баға бекіту туралы ештеңе айта алмаймын. Бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Алғашында 50 мың теңге төлеуге болады. Осы ақшаны төлесе, техникалық шарт жасап, айына 30 мың теңгеден төлеуге болады.

Бұл – жеке тұлғалар үшін жеңілдік. Ал кәсіпкерлер бірден төлем жасауы керек. Сөйтіп тұрғындар көгілдір отынға оңайлықпен қол жеткізер емес. Бөліп төлеудің өзіне шамасы жетпейтіндер отын дайындау қамына кірісті. Жалпы облысты газбен қамту көрсеткіші биыл 57%-ке жетуі тиіс. Әлі 5 ауданға газ жетпеген.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Қуаныш Тургенбаев

 

Хабар 24 телеарнасы