425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандағы ең қауіпсіз елді мекен анықталды

  • 153
  • UPD: 10:41, 10.11.2020

Елде жыл басынан бері бір де бір заң бұзушылық тіркелмеген ауыл бар. Яғни мұнда ешкімнің малы немесе мүлкі жоғалмаған. Жаға жыртысып жатқандар да жоқ.

Ақмола облысындағы алақандай Родина ауылы бүкіл елге үлгі. Мұны ауылдың тазалығы мен тәртібінен байқауға болады. Жыл басынан бері мұнда бір де бір заң бұзушылық тіркелмеген.

- Центральная 55-му.

- На связи.

- Как обстановка? Нормально связь проходит?

Ауыл инспекторы Қайрат Әлібековтың «жағдай қалыпты» дегеннен басқа жауап естімегеніне көп болған.

Айтуынша, ауылдағы негізгі нысандар мен аулалардың барлығына бейнебақылау камерасы орнатылған. Түнгі уақытта тәртіпті қадағалау үшін волонтерлер тобы жәрдем береді. 

Қайрат Әлібеков, учаскелік инспектор:

- Волонтерлер тобымен бірлесе жұмыс істейміз. Олар күн сайын түнгі 23:00-ден таңғы алтыға дейін кезекшілікке тұрады. Маңызды нысандарды аралап, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Қазір ауылдағы аулаларда 145 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. 

Ауыл деген аты болмаса мұнда жылу мен су орталықтандырылған жүйеден тарайды. Жолдары да тақтайдай тегіс. Көшеде бейсауат жүрген адам да кездесе бермейді. Себебі жұмыссыз жан жоқ деуге болады. Көбі жергілікті агрофермада жұмыс істегендіктен тұрақты табысы бар. 

Виктория Климова, Родина ауылының тұрғыны:

- Жалақымыз кейбір қалалардағы айлық табыстан көп. Балабақша, мектеп, тіпті қаласа университеттің ақысын да ферма төлеп береді. Сенделіп жүрген жастар жоқ бізде. Барлығы жұмыс істейді. Сондықтан ұрлық та, бұзақылық та болмайды. Бос уақытты тиімді өткізетін түрлі үйірме мен спорт секциялары жұмыс істейді. 

Фаина Созинова, Родина ауылының тұрғыны:

- Біздің көшеде ешкім үйінің есігіне құлып салмайды. Кейбіреулер құлып орнына шеге немесе сым тығып кете береді. Бірақ «біреудің үйінде бірдеңе жоғалды» дегенді естіген жоқпын. Мұнда бәріміз бір-бірімізді танимыз және сенеміз. 

Ал мына жас отбасының шаңырақ көтергеніне екі жылдай ғана болған. Отағасы Виталий Степногорск қаласынан көшіп келген. Осындағы фермада жұмыс істейді. Туған ауылы мен тұрған ауылының айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады.

Виталий Ищенко, Родина ауылының тұрғыны:

- Әу баста ұрлық мүлде жоқ дегенді естідім, бірақ сенбедім. Расында адамдар үйін де, көлігін де ашық қалдырып, алаңсыз жүре береді. Ал Степногорск үлкен қала ғой. Онда түрлі жадай болуы мүмкін. 

Соңғы кезде қауіпсіз ауылды қызықтап көруге келетін қонақтар көбейген. Кейбірі тәртіп бұзып та жатады. Енді бұл ауыл қауіпсіздікті барынша сақтау үшін бейнебақылау камераларының санын 200-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ ауылдық округке қарасты үш елді мекеннің кіреберісіне «Сергек» камераларын қоймақ. 

Авторлар: Талғатбек Әбдіқожа, Жандос Базаров

Хабар 24 телеарнасы