420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да 67 млн теңгеге салынған су сору станциясы істемей тұр

  • 163
  • UPD: 21:20, 10.11.2020

Шығыс Қазақстандағы Первомай кентінде 67 миллион теңгеге салынған су сору станциясы әлі іске қосылған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Он жыл бойы есігінде құлып тұрған бұл нысанға тіпті адам жолай алмайды.

Себебі станцияны салған мердігер компания құрылысты аяқтамаған. Ал тоса-тоса төзімі таусылған аудан әкімдігі жауапсыз мекемені сотқа берген. Енді ол даулы іс бітпей, ауызсу шаруашылығына қажетті қондырғыны қолдануға болмайды.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Суды екінші сатыға көтеруге арналған мына сорғы станциясының осылай қаңтарылып тұрғанына он жыл болып қалыпты. Мамандардың айтуынша, ол мына іргеде ағып жатқан Ертіс өзенінің астымен өтетін таза табиғи суды халыққа жеткізу үшін арналған жоба екен. Алайда осы құрылысты бастаған мердігер компания бұл шаруа үшін бөлінген 67 миллиолн теңге жетпей қалды деген желеумен жұмысты орта жолдан тоқтатып тастаған.

Содан бері станция жайымен қалып, аудан әкімдігімен мердігер арасында сот басталды. Оның өзі әлі біткен жоқ. Ал агергат іске қосылса, сумен жабдықтау саласында біршама үнемдеу жасалар еді дейді мамандар. Бірақ құрылысты жалғастыру мүмкін емес. Өйткені алдымен мердігер компанияға байланысты сот шешімі шығу керек. Олай болмай тұрып нысанды аяқтауға қайтадан бюджет қаражатын бөлу- экономикалық қылмысқа әкеп соғуы мүмкін.

Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл сот шешімі аяғына дейін жетпей отыр, біріншіден мердігер компания тарапынан келетін шығынды өтеуді талап етіп отырмыз, ол талап толығымен өтелмей, біз жұмысты аяқтай алмаймыз.

Айтпақшы кезінде мердігер компания істі бітіру үшін тағы 5 миллион теңге керек деп сұраған. Ал қазіргі қаржылық есепке сай станцияны толық аяқтауға одан алты есе артық қаражат қажет. Шемонайха ауданындағы жалғыз сумен қамту мекемесінің өкілдері де аталған нысанның жұмыс істеуін асыға күтіп жүр.

Виталий Одинцов, «Шемонайха су арнасы мекемесінің бас инженері:

– Сорғы станциясының тиімділігі мынада. Біріншіден, электр энергиясының жұмсалуында аса көп өзгеріс болмайды. Ал есесіне қазіргідей суды сүзгілеу, тазалау сияқты шаруаларға шығындалмаймыз. Өйткені әсіресе көктем, күз айларында Ертістің суы қатты лайланады. Оны тазалап сапасын арттыру үшін көп уақыт көп, қаражат жұмсалады. Сондықтан мына станция істесе, артық жұмыс азайып, ақша үнемделер еді.

Үнемделген қаржы ауданды сумен жабдықтайтын мекемеге ауадай қажет. Өйткені су шаруашылығына жауапты білдей кәсіпорынның техникасы ескірген. Одан бөлек, аудандағы су құбыры желісі осыдан 40-50 жыл бұрын салынған. 80 процентінің тозығы жетіп тұр. Айта кеткен жөн, бұл өлкеде қазір 5 ауыл тіршілік нәрінсіз отыр.

авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы