420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Абайлаңыз! Алаяқтық әрекеттердің 37% интернет арқылы жасалады

  • 112
  • UPD: 23:46, 10.11.2020

Елдегі барлық алаяқтық әрекеттердің шамамен 37% интернет арқылы жасалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ақпаратына сай биыл төлем карталарын пайдаланып алаяқтық жасау оқиғалары бірден 8 есеге өскен. Халықтың қалтасына қол салғандармен қалай күресуге болады?

Алаяқтар Ирина Кеммнің банк картасынан бір түнде төрт рет ақша алуға тырысқан. Бірақ карта уақытша блокта тұрғандықтан, бұл әрекеттері іске аспады. Өйткені кейіпкеріміз картаны бұғаттап үлгерген. Бірақ сол екі арада 20 мың теңгесінен айырылып қалды.

Ирина Кемм, қала тұрғыны:

– Мен үйде отырғанымда, букмекерлік қызмет көрсететін сайт картамнан 10 мың теңге шешіп алды. Мен ондай сайттарға ешқашан қызығушылық танытпағанмын. Сондықтан карточканы блокқа қою үшін бірден банк қосымшасына кірдім. Осы аралықта алаяқтар тағы 10 мың теңгені шешіп алды. Барлығы карточкамнан 20 мың теңге жоғалды.

Бұл оқиғадан кейін Ирина бірден банкке хабарласқан. Бірақ банк букмекерлік кеңсеге баруға кеңес берген. Соңғысы ақшаның сайттың шотында жатқанын растайды. Бірақ оны қайтару үшін банктің ресми жауабы керек дейді. Ал Иринаның өтініші кем дегенде 15 күн қаралады. Оған дейін бұл қаражаттың біржола қолды болмайтынына ешкім кепілдік бермейді. Бұл бір ғана Иринаның басындағы жағдай емес.

Бибігүл Канакаева, қала тұрғыны:

– Сабақ уақытында маған бір адамдар телефоныма хабарласты. Жас жігіт өзінің аты-жөнін толық айтып берді. Сосын «Сіз карточкаңызды жоғалтпадыңыз ба? Біреуге берген жоқсыз ба» деп сұрады. Сосын ол «қазір сіздің карточкаңыздан біреулер 40 мың теңге ақшаны шешіп жатыр» деді.

Бұл хабарды естіп абдырап қалған кейіпкеріміз жақында жалақысын алғанын, алаяққа өзі айтып береді. Бірақ әңгіме ұзаққа созылғандықтан бірден күмәнданып, байланысты үзген.

Бибігүл Канакаева, қала тұрғыны:

– Оған сомасы керек болды. Сбербанкта қанша ақша жатыр. Соны сұрай берді. Сосын мен күмәнданып ештеңе айтқан жоқпын. Содан кейін олар 7 рет хабарласты. Мен алған жоқпын. Сосын карточканы карағанда ақшаны алыпты.

Бір аптадан кейін оған бір қыз тағы банк қызметкері болып қоңырау шалған. Бірақ бұл жолы алаяқтар екенін бірден білген. Себебі олар бір жүйемен жұмыс істейді. Сұрақтары да біркелкі.

Сабыржан Тасболатов, ІТ маманы:

– Қаражат қолды болмау үшін ең қарапайым әдіс – интернет банкингте лимит қою. Парольді ешкімге беруге болмайды. Смс-пен тіпті қағазға жазбау керек. Адамдар жеке ақпарттарын қорғау керек. Бұл банк қызметіне қатысты деп ойламаймын. Себебі әр адамның құпия деректері өз қолыңызда.

Банк қызметкері аты-жөніңізді, картаңыздағы соңғы төрт санды немесе құпия сөзді сұрайды. Бірақ картанызға қатысты басқа деректерді ешқашан сұрамайды. Сондықтан хабарласқан адам қосымша ақапарат талап етсе, күмәндану керек.

Зарнигор Халымбетова, киберқауіпсіздік бойынша сарапшы:

– Банк ешқашан картаның деректемелерін сұрамайды. Оған картаның нөмірі, оның жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш таңбалы код кіреді. Сондай-ақ банк маманы SMS хабарламадағы кодты сұрамайды. Бұдан бөлек, TeamViewer және AnyDesk бағдарламаларын орнатуды өтінбейді. Бұл бағдарламалар тек жеке компьютерге және басқа құрылғыларға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы кибер шабуылдың түрі көп. Алаяқтар сауалнама жүргізіп, сізге ақша төлейміз деп алдайды. Түрлі ойындар өткізіп, танымал компаниялардың аттарын пайдаланады. Олардың мақсаты – дербес және банктік картаның деректерін алу. Осылайша қаражатты қолды қылу. Бұл әлемде танылған алаяқтық жүйе.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

– Әмиян – қолма-қол төлемдер үшін таптырмайтын құрал. Бірақ есептесудің бұл түрі тарихта қалатын күн де алыс емес сірә. Банк картасы қағаз ақшаның орнын алмастырды. Дегенмен екеуінің де ортақ тұсы бар. Қаржыңыз қайда жатса да қорғалмаған. Оны сақтау сіздің қолыңызда.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Тоқтар Терлікбаев, Диас Ковланбаев

Хабар 24 телеарнасы