423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордалық ғалым биокөмір өндірудің жаңа әдісін тапты

  • 102
  • UPD: 22:20, 10.11.2020

Сыр өңірінде жыл сайын мыңдаған тонна күріш қауызы мен сабаны өртеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның салдары экологиялық мәселелерге әкеп соқтыратыны белгілі.

Қызылордалық ғалым Нұрбол Аппазов бұл түйткілдің шешімін тапты. Ол күріш өндірісінен кейінгі қалдықтан биокөмір өндіруге болатынын дәлелдеп отыр.

Бұл әуесқой түсірілім. Күзгі жиын-терімнен кейін егіс алқаптары осылай өртеледі. Қою түтін көкті торлап алған. Ал зияны айтпаса да түсінікті.

Химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов күріш қалдығын пайдаға жарату жолында ұзақ ізденген. Ол бұған дейін кебектен белсендірілген көмір жасап шығарған еді. Енді биочар яғни биокөмір дайындаудың тың әдісін ойлап тапты.

Нұрбол Аппазов, химия ғылымдарының кандидаты:

– Бізде күн ыстық болғандықтан, жер жалаң болып, күн сәулесі түскендіктен, жердегі органикалық заттар да ыдырап кетіп жатады. Биочарды қосқан кезде азот қажетті күйде сақталады. Органикалық заттар ыдырамайды. Және бойында суды сақтау қабілеті артады. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін 40 пайызға дейін арттыратын мүмкіндігі бар.

Бұл бағытта бұрын соңды елімізде ешқандай зерттеу жүргізілмеген. Қызылордалық ғалым тыңнан түрен салып отыр. Және Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында өндіріске енгізу жұмыстарын да бастап кеткен.

Нұрбол Аппазов, химия ғылымдарының кандидаты:

– Өзіміз қолдан жартылай өндірісті қондырғы жасап жатырмыз. Ол шамамен бір айдың көлемінде дайын болады. Біз көктемге дейін көп мөлшерде биочарды өндіріп, дайындап аламыз. Сосын көктемде шаруашылықта пайдалануды жолға қояйын деп отырмыз.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Мысалы, биыл Қызылорда облысында 500 мың тоннадан астам күріш жиналды. Одан 100 мың тоннадай күріш кебегі қалдық ретінде қалады. Оны жоюдың бірден-бір жолы – қазіргі уақытта тек өртеу. Өйткені бұл күріш қауызы ешқандай өндірісте пайдаланылмай отыр. Кебекті өртегеннен кейін одан мынадай күл пайда болады. Оның құрамындағы өте зиянды заттар ауаға бөлініп, тыныс алу жолдары арқылы өкпеге өткеннен кейін айықпас ауру силикозға әкеп соқтырады екен. Сондықтан ғалымдар бұл күлді де пайдаға жаратудың жаңа технологиясын тапқан.

Яғни күріш қауызынан IT сала үшін аса маңызды шикізат, оптикалық-талшықты желілер мен кварцты шыны жасауға пайдаланатын кремний диоксидін алудың арзан жолын ұсынып отыр. Әлемде күріш кебегінен мұндай өнімді жасап шығару үшін 5 сағат уақыт жұмсалса, ғалым микротолқынды сәулелер арқылы оны 2 сағатқа дейін қысқартқан. Нұрбол Аппазов алдағы уақытта сабаннан қағаз шығарудың да жаңа әдісін өндіріске енгізуге ниетті. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы