424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте өсімдік майының бағасы шарықтап кетті

  • 106
  • UPD: 10:23, 11.11.2020

Бір айдың ішінде оның құны 10% өскені байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сатушылар көтерме саудада тауар құнының құбылып тұрғанын айтады. Тіпті отандық өндірушілердің өзі нарыққа майды қымбат ұсынған көрінеді. Өзге де әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің бағасы шарықтап кеткені кезекті мониторинг барысында анықталды.

Өсімдік майы құйылған құтылардың құнын сатушылар жиі ауыстыратын болған. Тек ресейлік емес, отандық өнімнің де бағасы қымбаттап кеткен. Күнделікті тұрмыста тамаққа қосатын күнбағыс сығындысының бағамы күн сайын өскеніне тұрғындар, әрине, наразы.

Жанат Қайтпасова, сатушы:

– Күнбағыс майының қымбаттағаны бірден байқалады. Өткен аптада 2,5 мыңнан сатсақ, қазір 5 литрін 3 мың теңгеден саудалап жатырмыз.

Өсімдік майының бағасы өткен қазан айынан бері қымбаттай бастаған. Азық-түліктің құны өзгергенін статистика басқармасының мамандарынан гөрі зейнеткерлер бірден біледі. Қалтаны қаққан қымбатшылық салдарынан көпшілігі біраз тағамнан бас тартуға мәжбүр.

Майды өте сирек сатып аламын. Бағасы удай. Біз сияқты зейнеткерлерге ауыр тиеді.

Күнбағыс майы қымбаттап кетті.

Бұрын 400 тг еді. Қазір 500-600 тг. Ал жеңілдіктің өзінде 400 теңгеден аса бағаланады.

Бұл – азық-түлікті әлеуметтік бағада ұсынатын Шымкенттегі ірі сауда орталықтарының бірі. Нысан директорының айтуынша, жергілікті тауар өндірушілер майдың бағасын қалпында ұстағысы келгенімен, нарық оған ырық бермей жатқан көрінеді.

Анастасия Исмаилова, сауда орталығының директоры:

– Бағасы 100, тіпті 200 теңгеге өсіп кетті. Себебін іздеп көрсек, қауіпті вирустың кесірі дейді. Осындай жауап аламыз. Қазір сол жақсы болды. Оның үстіне Ресейде күнбағыстан аз өнім жиналды деген уәж айтады.

Ішкі сауда және бағаны басқару бөліміндегілер өсімдік майының қымбаттауын растап отыр. Өндірушілер шикізат құны өскенін алға тартады. Бірақ майдың құны шекті бағадан аспаған. Оны ретке келтіру тетіктері бар.

Қайрат Базарбеков, Ішкі сауда және бағаны басқару бөлімінің басшысы:

– Қазіргі таңда құзырлы мекемемен зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрақтандыру қорында бізде 300 мың литр өсімдік майы бар. Тауар интервенциясын жүргізіп, сауда нысандарына белгілеген бағада шығаратын боламыз.

Маймен бірге көкөніс бағасы да шарықтап кетті. Әсіресе сәбіз, пияз бен картоп. Шымкентте жеміс-жидек мол болғанымен, көкөністің біраз түрі солтүстік өңірлерден әкелінеді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың да құны өзгерген. Бірақ ол, мамандардың айтуынша, әзірге бекітілген шекті бағадан аспапты.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы