422.66 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандының Майқұдық ауданындағы жол құрылысы келесі жылы аяқталады

  • 134
  • UPD: 10:47, 11.11.2020

Қарағандыдағы Майқұдық ауданының қақ ортасынан салынып жатқан алты жолақты жол құрылысында олқылықтар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы құрылыс жұмыстарын тексерген сарапшылар айтты. Аталған жолда әлі күнге дейін не жарық шамдар жоқ, не жол белгілері қойылмаған. Десе де көлік жүргізушілерге жолдың бір бөлігімен жүруге рұқсат берілген. Салдарынан жол-көлік оқиғалары жиілеп тұр.

Тоғыз жыл бойы жөндеу көрмей, тозығы жеткен күре жолды атқа мінерлер толық реконструкциялаймыз дегенде жергілікті халықтың төбесі көкке екі ел жетпей қуанған. Бірақ жұмыс оңай болған жоқ. Ауданның басты жолын жауып тастағаннан кейін басқа көшелерде көліктер жүре алмай, кептеліп қалды. Сондықтан мердігер биылғы жылға тиесілі 5 шақырым жолды жөндегеннен кейін көліктерді жартылай болса да, жібере бастады. Алайда белгілердің болмауы жаяу жүргіншілерге қауіп төндірді.

Рүстем Қожағапанов, қалалық Тұрғын үй шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Қосымша жұмыстар әлі бар. Ол желтоқсан айының басына дейін әлі де істеледі. Әлі жол белгілері, жиектемесі бар. Олар – ауа райына әсер етпейтін жұмыстар. Сондықтан әлі жалғасатын болады.

Аталған жолмен Қарағанды қаласына жапсарлай орналасқан сұрыптау станциясы және осы Майқұдық ауданының кемі 200 мың тұрғыны күн сайын қатынайды. Жоба айтарлықтай маңызды. Алайда сарапшылар жол құрылысынан әлден-ақ талапқа сай келмейтін тұстарды анықтаған.

Алексей Рассолов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының бөлім басшысы:

– Аталған жол бойынша біз төселіп жатқан қиыршық тастардың талапқа сай келмейтінін анықтадық. Ол өте маңызды. Себебі қатты аязға төзімді болмаса, келер жылы асфальт тез бүлінуі мүмкін. Сондықтан тапсырыс беруші мен мердігерге хат жолдағанбыз. Араға бір апта салып аталған материал қайта ауыстырылды.

Атап өткен жөн, жоба 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. О баста 10 шақырымнан астам жолға 7 млрд 200 млн теңге қаражат бөлінген. Биыл шамамен 5 шақырым жол салынып, 5 млрд теңгеге жуық қаржы игерілді. Қалған 5 шақырым жол келер жылы салынбақ.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы