422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл төлем карталары арқылы алаяқтық жасау сегіз есе өсті

  • 96
  • UPD: 10:18, 11.11.2020

Елдегі барлық алаяқтық әрекеттердің шамамен 37%-і интернет арқылы жасалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ақпаратына сай биыл төлем карталарын пайдаланып алаяқтық жасау оқиғалары бірден 8 есеге өскен. Халықтың қалтасына қол салғандармен қалай күресуге болады? Олардан сақтанудың жолы қандай?

Алаяқтар Ирина Кеммнің банк картасынан бір түнде төрт рет ақша алуға тырысқан. Бірақ карта уақытша бұғатта тұрғандықтан, бұл әрекеттері іске аспады. Өйткені кейіпкеріміз картаны бұғаттап үлгерген. Бірақ сол екі арада 20 мың теңгесінен айырылып қалды.

Ирина Кемм, қала тұрғыны:

– Мен үйде отырғанымда, букмекерлік қызмет көрсететін сайт картамнан 10 мың теңге шешіп алды. Мен ондай сайттарға ешқашан қызығушылық танытпағанмын. Сондықтан картаны бұғаттау үшін бірден банк қосымшасына кірдім. Осы аралықта алаяқтар тағы 10 мың теңгені шешіп алды. Картамнан барлығы 20 мың теңге жоғалды.

Бұл оқиғадан кейін Ирина бірден банкке хабарласқан. Бірақ банк букмекерлік кеңсеге баруға кеңес берген. Соңғысы ақшаның сайттың шотында жатқанын растайды. Бірақ оны қайтару үшін банктің ресми жауабы керек дейді. Ал Иринаның өтініші кем дегенде 15 күн қаралады. Оған дейін бұл қаражаттың біржола қолды болмайтынына ешкім кепілдік бермейді. Бұл бір ғана Иринаның басындағы жағдай емес.

Бибігүл Конакаева, қала тұрғыны:

– Сабақ уақытында бейтаныс біреулер қоңырау шалды. Жас жігіт өзінің аты-жөнін толық айтып берді. Сосын «Сіз картаңызды жоғалтпадыңыз ба? Біреуге берген жоқсыз ба?» деп сұрады. Сосын ол: «Қазір сіздің картаңыздан біреулер 40 мың теңге ақшан шешіп жатыр», – деді.

Бұл хабарды естіп абдырап қалған кейіпкеріміз жақында жалақысын алғанын, алаяққа өзі айтып береді. Бірақ әңгіме ұзаққа созылғандықтан, бірден күмәнданып, байланысты үзген.

Бибігүл Конакаева, қала тұрғыны:

– Оған тек сомасын білу керек болды. Соны сұрай берді, сұрай берді. Сосын мен күмәнданып телефонды тастай салдым. Ештеңе айтқан жоқпын. Содан кейін олар 7 рет звондады. Мен алған жоқпын.

Бір аптадан кейін оған бір қыз тағы банк қызметкері болып қоңырау шалған. Бірақ бұл жолы алаяқтар екенін бірден білген. Себебі олар бір жүйемен жұмыс істейді. Сұрақтары да біркелкі.

Сабыржан Тасболатов, ІТ маманы:

– Қаражат қолды болмау үшін ең қарапайым әдіс – интернет банкингте лимит қою. Парольді ешкімге беруге болмайды. СМС-пен жіберуге, тіпті қағазға да жазуға болмайды. Адамдар жеке ақпараттарын қорғауы керек. Бұл банк қызметіне қатысты деп ойламаймын. Себебі әр адамның құпия деректері өз қолында.

Банк қызметкері аты-жөніңізді, картаңыздағы соңғы төрт санды немесе құпиясөзді сұрайды. Бірақ картанызға қатысты басқа деректерді ешқашан сұрамайды. Сондықтан хабарласқан адам қосымша ақапарат талап етсе, күмәндану керек.

Зарнигор Халметова, киберқауіпсіздік бойынша сарапшы:

– Банк ешқашан картаның деректемелерін сұрамайды. Оған картаның нөмірі, оның жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш таңбалы код кіреді. Сондай-ақ банк маманы SMS-хабарламадағы кодты сұрамайды. Бұдан бөлек TeamViewer және AnyDesk бағдарламаларын орнатуды өтінбейді. Бұл бағдарламалар тек жеке компьютерге және басқа құрылғыларға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы кибершабуылдың түрі көп. Алаяқтар сауалнама жүргізіп, сізге ақша төлейміз деп алдайды. Түрлі ойындар өткізіп, танымал компаниялардың атауларын пайдаланады. Олардың мақсаты: дербес және банктік картаның деректерін алу, осылайша қаражатты қолды қылу. Бұл – әлемде танылған алаяқтық жүйе.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

– Әмиян – қолма-қол төлемдер үшін таптырмайтын құрал. Бірақ есептесудің бұл түрі тарихта қалатын күн де алыс емес, сірә. Банк картасы қағаз ақшаның орнын алмастырды. Дегенмен екеуінің де ортақ тұсы бар. Қаржыңыз қайда жатса да, қорғалмаған. Оны сақтау сіздің қолыңызда.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Тоқтар Терлікбаев, Диас Ковланбаев

Хабар 24 телеарнасы