424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Домендік атауларды қорғауға қойылатын талаптар анықталды

  • 86
  • UPD: 13:43, 11.11.2020
Домендік атауларды қорғауға қойылатын талаптар анықталды

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды қорғауға қойылатын талаптарды айқындады.

Енді .KZ және .ҚАЗ домендік атаулары тіркелген интернет-ресурс интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде, яғни аппараттық-бағдарламалық кешендерде Қазақстан Республикасының аумағында ғана орналастырылады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

«Жаңа цифрлық технологиялар туралы» заң аясында 2020 жылғы 25 маусымда өзгерістер қабылданды. Онда интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды қорғауға қойылатын талаптарды айқындауға мүмкіндік берді.

Түзету қабылданған сәттен бастап оны техникалық іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Осылайша интернет кеңістік мониторингі бойынша қызметтер шеңберінде отандық «WebTotem» жүйесімен жоғарыда көрсетілген талаптарды бұза отырып, 45000-ға жуық домендік атау анықталды.

Тиісті хабарламалар «Қазақстандық желілік ақпарат орталығына» жіберілді және 2020 жылғы 30 қарашаға дейінгі мерзімде бұзушылық фактісін растау немесе жоққа шығару мақсатында тіркеушілерге, сондай-ақ домендік атаулардың иелеріне жеткізілді.

«Қазақстандық атаулары бар сайттарды жергілікті деректерді өңдеу орталықтарында орналастыру, жергілікті АТ-әзірлеушілерді тарту қажет. Отандық бизнесмендер жергілікті еңбек және өндірістік ресурстарды барынша пайдалануы қажет. Қаражат шетелдегі арзан ұсынылатын сервистерге жұмсалмай, өз елімізде қолдануымыз тиіс.

Егер сайт иесі қазақстандық домендік атауымен сайтты ауыстырудан бас тартса, сайттың атын ғана ауыстыру жеткілікті болады. Мысалы, info.kz атауы бар сайт info.kz.com немесе info.kz.org. атауына өзгерткен жағдайда. Атқарылып жатқан жұмыс қарапайым интернетті пайдаланушыларға кері әсер етпейтінін және байқалмайтынын атап өткім келеді», – деп түсіндірді Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.

Осы талап экономикада мультипликативтік нәтиже жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, АКТ-саласындағы қосымша жұмыс орындары, электр энергиясының профицитін кәдеге жарату, сыртқы интернет-трафикті қысқарту, байланыс операторлары жергілікті байланыс желілерін дамытуға көбірек қаражат сала алады және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыра алады.

Хабар 24 телеарнасы