422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда емханалар жанынан мобильді жұмыс тобы құрылды

  • 81
  • UPD: 16:38, 11.11.2020

Павлодарда әрбір емдеу мекемесінің жанынан мобильді жұмыс тобы құрылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар күніне 20-ға жуық шақырту алады. Дәрігерлік тексерулер науқастың үйінде жүргізіледі. Жүкті әйелдер, жасы ұлғайған және ауруы асқынған адамдар бірден госпитальдарға жатқызылады.

Бұл – облыс орталығындағы ең ірі емханалардың бірі. 70 мыңға жуық адамға медициналық қызмет көрсетеді. Мұнда коронавирус жұқтырған 400-ге тарта науқас тіркеуде тұр. Емдеу мекемесінің жанынан 13 мобильді бригада құрылды.

Жұлдыз Тюрембаева, бас дәрігердің орынбасары:

– Біздің емханада коронавирус індеті нақтыланған 396 науқас тіркелген. Олардың 313-і ауруынан айықты. 77 сырқат дәрігерлердің бақылауында. 14 адам ауруханада жатыр.

Дәрігерлер амбулаториялық емдеуде жүрген 63 адамның үшеуі бала екенін айтады. Көпшілігі індеттің жеңіл түрімен ауырып жатыр. Өңірде қазір жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандар саны да артқан. Сондықтан мобильді бригадалар күшейтілген режимде жұмыс істейді. Алғашқы шақырту бүгін таңертеңгі сағат 8-де түскен.

Дәрігер шақыртқан Диана есімді жас қыз болып шықты. Бойжеткен тамағына суық тигізіп алыпты. Екі күн бойы дене қызуы түспеген соң өзі тіркеуде тұрған емханаға хабарласқан. Кезекші дәрігердің орнына бүтіндей бір бригада келді.

Мобильді топтың құрамына жалпы тәжірибелі дәрігер, терапевт, педиатор және медбике кіреді. Науқастың денсаулығын тексерген мамандар одан ПТР-сынама алды. Нәтижесі кейінірек белгілі болады.

Жүкті әйелдер, қарт адамдар бірінші кезекте тұр. Ауруханаға жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетіне шалдыққан және жіті респираторлық ауру салдарынан жағдайы нашарлаған науқастар жатқызылады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жолы коронавирус індеті жеңіл түрде өтіп жатыр.

Жұлдыз Тюрембаева, бас дәрігердің орынбасары:

– Жаз айларымен салыстырғанда коронавирус жұқпасы жеңіл түрде өтіп жатыр. Өйткені өкпенің қабынуы сынды аурудың асқыну белгілері байқалған жоқ. Көпшілігі аурудың сипмтомсыз түріне шалдыққан. Олар үй жағдайында емделеді.

Соған қарамастан Павлодар облысы қазір коронавирус індеті өршіп тұрған өңірлердің қатарына енді. Қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды. Жағдайды бақылауда ұстауға барлық сала жұмылдырылған.

Гүлжан Әпсалықова, қалалық Ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары:

– Павлодар қаласы бойынша 3 мемлекеттік емхана және мемлекеттік тапсырысты орындайтын 10 жекеменшік емхана бар. Олардың бәрінде бірдей мобильді бригадалар құрылған. Бүгінгі таңда олардың жалпы саны 87-ге жетті.

Қазан айынан бері коронавирус инфекциясы облыс бойынша 5 мыңға жуық адамнан анықталды. Олардың 4182-сі емделіп шықты. Жағдай әлі де күрделі. Соңғы бір тәулікте індет жұқтырудың тағы 52 оқиғасы тіркелді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы