420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды жұрты мектепті жабылудан сақтап қалды

  • 128
  • UPD: 16:42, 11.11.2020

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Бірінші май ауылының тұрғындары 90 жылдық тарихы бар мектепті жабылудан сақтап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім ошағында оқушы саны жетпеген соң, әрі санитарлық жағдайы талапқа сай келмегендіктен, сабақ өткізуге тыйым салынған. Алайда ауызбіршілігі жарасқан ауыл жұрты өз күштерімен мектепке су тартып, ішіне дәретхана салып, балаларды өзге ауылға жібермеудің қарекетін жасап жатыр.

Өткен ғасырдың 30-жылдары салынған бұл мектепте бір кездері тіршілік қайнап жатса, қазір мұнда небәрі 11 бала оқиды. Оқушы саны жетпеген соң аудандық білім бөлімі мектепті жаппақ болған. Бірақ тұрғындардың өтініші бойынша қалдырады. Жуырда жоғарыдан ауылға тағы ескерту келіпті. Айтуларынша, оқу ордасының санитарлық жағдайы талапқа сай емес.

Марат Әлжанов, ауыл тұрғыны:

– Су және дәретхана жоқ. Сондықтан мектепті жабамыз деп бірнеше рет жоғарыдан нұсқау келген еді. Енді жағдай жасауға тырысамыз.

Ауылға ең жақын елді мекен 8 шақырым жерде. Қыста бүлдіршіндерді апарып оқыту қиын. Сондықтан бар мектепті сақтап қалу керек. Бұл жолы да ауыл жұрты ауызбіршілігін көрсетті. Қазына қаражатын күтпей, әлеуметтік желі арқылы бірін-бірі асарға шақырып, жұмысты бастап кеткен. Бұрын дәретхана далада болса, енді ішке енгізіп жатыр.

Айна Оразалимова, ауыл тұрғыны:

– 700 мыңдай жиналды. Бұрын Ресейге, Германияға көшкен ауылдастарымыз бар. Қарағанды, Теміртау, Сортировка елді мекендерінде ауылымыздың адамдар да балаларымыз жылы, жақсы жерде оқысын деп көмек беріп жатыр.

Жуық арада мектеп ішіне су мен жылу жүйесі де тартылмақ. Ал пешті ауыл тұрғындары сыйлапты. Жұрттың белсенді жұмысын көрген соң жергілікті әкімдік те қарап отырмай, асарға атсалыса бастаған. Қазір жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін бюджеттен 2 млн 600 мың теңге бөлініпті.

Индира Оспанова, Тұзды селолық округінің әкімі:

– Егер мектепке көмек беремін демеушілер табылып жатса, біз қолдан қақпаймыз, әрине. Әркім өз қалауынша жақсылық жасауға құқылы. Ауыл тұрғындарының бұл әрекетін «Туған жер» бағдарламасының жарқын көрінісі деп айтуға болады.

Әкімшілік қалған жұмысты аяқтаймыз дегенмен, халық ақша жинауды жалғастырып жатыр. Олар: «Енді келесі көктемде өз күштерімен мектептің шатырын жөндеп алсақ екен», – дейді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы