423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО: Тархан ауылында халық сұрамаған су құбыры 570 млн теңгеге салынып жатыр

  • 102
  • UPD: 21:28, 11.11.2020

Шығыстағы Глубокое ауданы Тархан ауылына тартылып жатқан ауыз су құбырының сапасы күмән тудырады.

Тұрғындардың айтуынша, мердігер компания қарапайым құрылыс талаптарын орындамай отыр. Қазылған жыраға пластик трубаны тастап үстін су аралас қиыршықтас құммен жауып жатыр. Жұрт жер қатқанда құбыр бірге қатып қала ма деп алаңдайды. Мердігер компания өкілдері тұрғындардың пікірімен мүлде келіспейді.

Бұл Тархан ауылындағы жаңадан тартылып жатқан су құбырының  құрылысы. Әр жерге орнатылған цементті құдықтарға да су толып тұр. Ал  1 метрден аса қазылған шұңқырға  құбырды тастап, үстін ауыр техника қиыршық тас аралас топырақпен көміп жатыр. Сондықтан тұрғындар құрылыстың сапасына күмәнданып отыр. 

Андрей Черепанов, Тархан ауылының тұрғыны:

- Құбырды тарту кезінде технология мүлде сақталып жатқан жоқ. Шұңқыр суға толып тұр. Қисық-қыңыр құбырдың астына жастық салу керек еді. Ең болмаса астын тегістеген де жоқ.  

Вадим Зиновьев, Тархан ауылының тұрғыны:

- Бұл құбырдан ешқашан су жүрмейді. Бір тамшы да  су ақпайды. Ешқандай дұрыс істеліп жатқан жоқ. Ертең-ақ қатып қалады. 

Қатып қалмас үшін ереже бойынша құрылыс кезінде бірден жылылық жасалуы тиіс. Жеке үйлерге су кіргізетін қосымша құбыр жалғауға арналған  құдықтар мен сорғылар да ашық. Қазір ауылдың ішінен аяқ алып жүру  мүмкін емес. Құбыр тарту үшін жолдың да астаң-кестеңін шығарған. 

Светлана Шульмина, Тархан ауылының  тұрғыны:

- Шынын айтқанда, бізге су құбырының аса қажеті де жоқ еді. Құбырға кеткен қаржыны ауылдағы басқа қажеттілікке жұмсау туралы тұрғындар хат та жаздық. Оған аудан әкімдігі құлақ аспады. Енді міне жолдың да астаң-кестеңін шығарды. Ми батпақ. 

Ми батпақта  тұрғындар қазір толарсақтан саз кешіп жүр.

Жалпы бұл ауылға 40 шақырымға жуық су құбырын тарту үшін республикалық бюджеттен 570 миллион теңге бөлінген. Бірақ мердігер мекеме қарашаның қара суығында құбырды тартып жатыр. Ал барлық жұмыс жобадағы ережеге сай атқарылып жатқанын айтады. 

Дастан Әзірбаев, мердігер  компания өкілі:

- Құбыр салынып жатыр. 2,2 тереңдікте жатыр. Жанында жүрген адам бақылау жасайды. Ешқандай үзіліссіз. Оған кепілдік бере аламыз. Бәрі сақтандырылады. 

Бір мың бір жүзден астам тұрғыны бар ауылда бұрын орталықтандырылған құбыр мүлде болмаған. Сондықтан халық мемлекеттік бағдарламамен қолға алынған жобаның сапалы істелуін қалайды. Ал шығыста бүгінде 221 ауылда әлі ауыз су құбыры жоқ.

Авторлар: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы