425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда мүгедек жандардың күтушілеріне ақының мөлшері әртүрлі төленіп жүр

  • 132
  • UPD: 22:57, 11.11.2020

Батыс Қазақстанда 1-топ мүгедектерінің кейбірі жеке күтушілеріне төлемақы аз беріліп жатқанын айтады. Жүріп тұруына жәрдем беретін жандар әрдайым қастарында болғанымен оларға күніне тек 4 сағат еңбек уақыты жазылады екен. Ал кей мүгедектердің күтушілеріне 8 сағаттан есептеледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар төлемнің әркімге әрқалай төленетініне қапалы. 

Жаңақала ауданында тұратын Салауат Жағыпаров ұзақ жылдан бері созылмалы бүйрек дертімен ауырады. Аптасына 3 рет Оралдағы гемодиализ орталығына келіп, ем алады. Ауыл мен қаланың арасы 3-4 сағаттық жер. Жиі-жиі жолға шығу мүгедекке оңай емес. Оның үстіне қан қысымының құбылатыны тағы бар. Науқастың жеке күтушісі әрдайым қасында жүреді.

«Алайда оған лайықты мөлшерде төлемақы берілмей келеді» деп қынжылады кембағал жан. 

Салауат Жағыпаров, І-топ мүгедегі:

- Менің күтушім - өзімнің жұбайым. Өнебойы қасымда болуы керек. Неге десеңіз, маған қиындау. Қан қысымым көтеріліп кетеді. Ол ештеңе емес, арасында түсіп кетеді. Сол қиын болады. Есімнен танып қаламын. Күтушімнің алатыны 39 мың. Сұрауым: күтушімнің ақшасын көбейтсін дегім келеді. Біреулерге 60 мың береді, біреуіне 87 мың береді, біреуіне 30 мың береді. Ол әділ емес әрине. 

Жауапты басқарма маманы, біріншіден, төлемақы тек мүгедекті жетелеп жүру үшін ғана тағайындалғанын айтты. Екіншіден, төлем әркімге әрқалай берілуі заңды екенін жеткізді. Егер кембағал жан білім алатын немесе жұмыс істейтін болса, жеке көмекшісіне күніне 8 сағат еңбек уақыты жазылады. 

Миргүл Құрманбаева, БҚО халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының бөлім басшысы:

- Ал егер де ол мүгедек адам тек жұмасына 2 рет, 3 рет емханаға барып жүрсе, оған тек 4 сағат төленеді немесе 3 сағат төленеді. Яғни барған күніне есептеледі қаржысы. 

Келер жылдан бастап арнайы әлеуметтік қызмет порталында жаңа қызмет ұсынылады. Енді мүгедектердің көмекшілері күнделікті еңбек уақытына қатысты акт толтыруы тиіс. 

Миргүл Құрманбаева, БҚО халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының бөлім басшысы:

- Ал мүгедектігі бар адам соны растайды, осы кісі қасында жүрді деген сияқты. Сондықтан уже көрініп тұрады автоматты түрде, қай жерге барып, не істеп жүргені. 

Демек, портал арқылы алдағы жылы төлемақы жүйесі оңтайландырылады. Онлайн қызмет жеке күтушілердің еңбек уақытын нақты есептеуге мүмкіндік береді.

Авторлар: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы