425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2020 жылы Қарағанды облысында 2000 шақырымнан астам жол жөнделді

  • 88
  • UPD: 17:48, 12.11.2020
2020 жылы Қарағанды облысында 2000 шақырымнан астам жол жөнделді Қарағанды облысы әкімдігі

Биыл Қарағанды облысында жалпы қолданыстағы 2 116 шақырым автожолдың жөндеу жұмыстары аяқталды.

Оның ішінде 882 шақырым – республикалық маңызы бар трассалар және 1 200 шақырымнан астамы жергілікті маңызы бар жолдар. «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша жолдар ретке келтірілді. Жөндеу жұмыстарына 4 мыңнан астам жол-құрылыс техникасы мен 10 мыңға жуық адам жұмылдырылды.

Бұл туралы өңір әкімі Жеңіс Қасымбек ОКҚ брифингінде айтты.

– Көлік инфрақұрылымы жыл сайын дамып келе жатқанына қарамастан, Республикалық маңызы бар Қарағанды-Қарқаралы, Қызылорда-Жезқазған, Жезқазған-Қарағанды және Жезқазған-Арқалық автомобиль жолдары өңірдің проблемалық бағыттары болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс алдында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында бұл бағыттарды 2025 жылға дейін қайта жаңарту міндеті тұр. Бұл жобаларды іске асыру Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау өңірлерінің туристік кластерлерін дамытуға серпін береді, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Жергілікті желінің автомобиль жолдары бойынша биыл қаржыландыру және жөндеу жұмыстарының көлемі екі есеге артты. Нәтижесінде құрылыс жұмыстарымен облыстың барлық қалалары мен аудандары қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Өңір үшін негізгі жоба «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін іске асыру болып табылады. Атап айтқанда, Қарағандыдан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жолды, Қарағанды-Балқаш – 363 шақырым, сондай-ақ Балқаш-Бурылбайтал – 150 шақырым жолды қайта қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Қарағанды облысының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 12 441 шақырымды құрайды, оның ішінде 2 785 шақырым республикалық маңызы бар, 3 462 облыстық және 6 194 шақырым аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелері.

Хабар 24 телеарнасы