424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада көктайғақтан құлаған 150-ден астам адам ауруханаға жүгінді

  • 99
  • UPD: 19:56, 12.11.2020

Бүгін арқада жапалақтап жауған қар мен көк мұз халықты әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көктайғақта жығылып, мертіккендердің қарасы көбейген. 150-ге жуық елордалық түрлі жарақатпен травматологқа жүгініп, 100-ге тарта жол-көлік оқиғасы тіркеліпті.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

– Жыл сайын қыс басталысымен көктайғақтан зардап шегіп, травмотологиялық пунктілерге жүгінетіндер көбейетіні рас. Биыл да бірінші күннен бастап сынықтармен, сіңірдің созылуы, жабық бас сүйек жарақаттарымен ауруханаға түскендер бар. Мамандар ең алдымен жаяу жүргіншілерді де, көлік жүргізушілерді де қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға шақырады.

Жауған қар мен күннің суытуы елордадағы жол қозғалысын қиындатты. Ел астанасындағы алғашқы көктайғақтан құлап, түрлі жарақат алған жұрт қарасы көп. Бүгін қалалық ауруханалардың травматологиялық пунктілеріне 154 адам келіп, медициналық көмекке жүгініпті. Жолдағы көктайғаққа байланысты жарақат алған пациенттерді қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта түрлі жарақаттары бар 17 науқас стационарға жатқызылды. Жеңіл жарақат алған бес бала амбулаториялық емделуге жіберілген.

Мейрам Баубеков, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары:

– Көктайғақ пен қардың әбігері көлік қозғалысына да кедергі келтірді. Елордада қар күреуге 580 техника жұмылдырылды. 1800-ге жуық қызметкер қала ішін тазалап жатыр. Ең алдымен көпір, аялдама және көше қиылыстары тазаланып құм себіледі дейді мамандар. Тазалыққа жауапты мекеме еншісінде қазір 300-ге жуық техника бар. Олар 5 жылда жаңартылып тұрады.

Аян Жолдасбайұлы, «Астана Тазалық» ЖШС Техникалық өндіріс бөлімінің бас маманы:

– Таңертең бәрі жұмысқа барады . Ең бірінші жаяужолдар, аялдамалар тазаланады. 8:00-ге қарай арнайы техникалар шыға бастайды. Ең бірінші үлкен жолдарды, одан кейін кіші жолдарды тазалаймыз.

Бауыржан Тоқжұманов, Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

– Егер жол тазалауға қосымша көмек қажет болса, қалалық әкімдік мердігер компанияларды тарта алады. Бірақ қазір техника мен жұмысшы тапшылығына қатысты мәселе жоқ. Биыл қысқа тыңғылықты дайындалдық дейді тиісті ведомство өкілдері.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы