424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаудағы қауіпті теміржол өткелі қашан жөнделеді?

  • 87
  • UPD: 22:08, 12.11.2020

Ақтаудың іргесінде қауіпті теміржол өткелі бар.

Жұрт осы жол арқылы Мұнайлы ауданынан қаламен қатынасады. Жөндеу биыл да жалғасып, біраз кеңейтілген еді. Құрылысы толық аяқталмай, ашылған жолмен күндіз-түні көлік жүріп жатыр. Асфальттан бірнеше сантиметр биік тұрғандықтан, рельстерге жеңіл машинаның асты тиеді. Тұрғындардың әлеуметтік желілерде жазған шағымынан кейін даулы жерге өкілетті органдар барып, тексеру жүргізді.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Теміржол өткелінің асфальттан тым биік екені күндіз көрінеді. Ал түнде ше? Алмағайып қатты жылдамдықпен келіп соққан жағдайда қауіпсіздік белдігін тақпаған жан көліктің алдыңғы терезесін шағып, далаға ұшып кетуі мүмкін.

Сәкен Мұхтаров, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының зертхана меңгерушісі:

– Бұл неден шығып тұр?! Мердігер мекеменің жұмыстың бітпей жатып, жолды ертерек ашып тұрғанының кесірінен болып тұр. Асфальтпен соған қарай деңгейін келтіріп, арақашықтығын уақытша кішкене ұзындау деңгейге келтіріп кетуіне болатын еді.

Көлік жолдарының сапалы салынуын бақылайтын мамандар осылай дейді. Ал мердігер бұл трассаның кем-кетігін қазір-ақ түзетуге дайын. Құрылысына қажет шикізаттың жоқтығы қолбайлау болып тұр.

Руслан Дадашов, мердігер мекеме жетекшісі:

– Пандемияға байланысты бізге қаржының түсуі сәл кейінге шегерілді. Салдарынан осындай уақытша қиындық туындап тұр. Жол битумын жеткізіп беруші мекеме ақысын алдын ала төлеуді сұрайды. Ақша түсуімен жыл соңына дейін мәселе шешіледі.

Облыстық маңыздағы 5,7 шақырымдық жолдың жөнделіп жатқанына төрт жылға жуықтады. Жоба құны – 1,7 млрд теңге.

Манас Бітімов, «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ бас маманы:

– Белгілі бір себептермен қаражат толық бөлінбеуіне байланысты бұл нысан 2016 жылдан бері өтпелі нысан болып келе жатыр. Мамыр айында толық бітіру үшін қаражатының 80%-і бөлінді. Ағымдағы жылдың соңына дейін мердігер мекеменің мерзімі бар. Қаражат ол жұмысқа толықтай бөлінді.

Түсінгеніміз: трассаның әлі де болса 3 шақырымы жөнделеді. Дәлірек айтсақ, үстіңгі қабаты енді төселеді.

Қайрат Бәйгебаев, ҚР СЖҚІА аймақтық департаментінің басқарма басшысы:

– Тағы да бір қабат жолдың төселетіндігі жаңа баяндалып жатыр. Толықтай жұмыс аяқталғанға дейін бақылауда болады. Аяқталысымен ұлттық жол сапа орталығымен тағы да зерттеліп, тиісті қорытындылар берілетін болады.

Дайрабай Үсіпбаев, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Маңғыстауда битум зауыты бар. Өзімізден шығып жатқан битумның осы жердің ала алмай отырғандығы кішкене ойландырады, әрине. «Маңғыстау – адалдық алаңы» және жол сапасы орталығының қоғамдық бақылау кеңесі бар. Біткенше әлі бірнеше рет келеміз деп ойлаймын.

Сонымен, мамандардың айтуынша, аталған мәселеге мердігерге қаржының кешігіп берілуі, соның салдарынан жол материалын уақытында ала алмауы себеп. Осы сұрақ тез шешілсе, бұл жолдың кем-кетігі қараша аяқталғанша түзеліп қалуы мүмкін.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы