422.66 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысындағы ауыл он жыл бойы ауызсу мен жарықтан тарығып келеді

  • 105
  • UPD: 23:30, 12.11.2020

Кезінде «Қапал-Арасан» шипажайына алыс-жақын шетелден ем іздеп келетін жұрт қарасы көп болатын.

Себебі жер астынан шығып жатқан радон суы түрлі ауруға шипа. Жүздеген адам еңбек еткен сауықтыру орны қазір жабық тұр. Арасан ауылының тұрғындары да жұмыссыз қалды. Елді мекенде шешілмеген әлеуметтік мәселе көп. Су құбырын тарту 10 жыл бұрын басталған. Алайда сағыздай созылған жұмыс әлі аяқталмаған.

Бұл ауыл кезінде курорттық аймақ ретінде салынған. Халқының көбі шипажайда жұмыс істеп, нәпақасын тауыпты. Ауыл тұрғыны Асхат Қожайбековтің айтуынша, шипажай жабылғалы жұмыссыздар саны артқан.

Асхат Қожайбеков, ауыл тұрғыны:

–«Қапал-Арасан» деген санаторий бар. Осы жердегі халықтың 70%-і сол шипажайда қызмет еткен. Негізі бізде шипажай саласындағы мамандар көп. Егер мына шипажайларды қолға алатын болса, біздің қызметкерлер дайын. Жұмыссыз жүрген. Ауқымды проблема осы. Жұмыссыздар саны көп. Курортта істегендер ауыл шаруашылығына бейімделмеген.

Қазір жеке меншік саналатын шипажайдың шаруасы тұралаған. Қайта жаңғырту үшін қыруар қаржы керек. Жер астынан шығып жатқан радон суын әркім тасып әкетіп жатыр. Ал шипажай басшылығы инвестормен келіссөз жүргізіп жатқанын айтады.

Айнұр Жөңкебекова, шипажай әкімгері:

– Көктемге қарай жөндеу жұмыстарын жасауға дайындалып жатырмыз. Қазір барлық жерде дағдарыс. Онымен қоса карантин. Салдарынан ешқайда шыға алмай, ешкімнен жауап ала алмай отырмыз. Бірақ алдағы уақытта жұмыс жасайды.

Ауылдағы өзекті мәселе – ауызсудың жоқтығы. Тура 10 жыл бұрын құбыр тарту жұмыстары басталыпты. Сол кезде 70 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда бар жұмыс орта жолда тоқтап қалған. Былтыр тағы 106 млн теңге бөлініп, ауылішілік құбыр жүргізу жұмыстары басталыпты.  

Роза Ғалымжанова, Арасан ауылдық округінің әкімі:

– Келесі жылы қараша айында бітіріп, бізге қосып беруі керек. Сонда 2009 жылдан бастап мердігерге берген ақша желге ұшты деген сөз ғой? Ауылда су жоқ. Судың келуін ел асыға күтіп отыр.

Сапалы суды сарыла күткен ауылдықтар құдықтың суын ішіп отыр. Жолдың жайы да мәз емес. Көшелерде жарық жоқ.

Елтай Шәкімов, ауыл тұрғыны:

– Жарық жоғы. 3-4 жыл болды. Басында қойып еді, оны бәрін өздері быт-шыт қылып, құлатты ма, әйтеуір қазір ол да жоқ. Ал осыдан 5-6 жыл бұрын су келіп, қазып-қазып, көшенің быт-шытын шығарып кеткен. Енді, міне, биыл кішкентай асфальтіміздің де быт-шытын шығарды.

Роза Ғалымжанова, Арасан ауылдық округінің әкімі:

– Көшелер 2009 жылы жарықтанған болатын. Бірақ барлық көше емес. Орталық көшелер ғана. Келесі жылға су кіргеннен кейін асфальтті де, жарықты да қалпына келтіреміз.

Ауылдың ішкі мәселесі өз алдына, іргесінде заңсыз полигон жатыр. Ауылдықта, одан қалды көрші ауылдың тұрғындары күл-қоқысын әкеліп, осы жерге аудара салады. Полигонның айналасын қоршап, реттеу үшін де қыруар қаржы керек. Ауыл бюджетінде ондай ақша жоқ.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Қуаныш Тургенбаев

Хабар 24 телеарнасы