422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысы 18 жаңа жедел жәрдем көлігімен толықты

  • 85
  • UPD: 00:12, 13.11.2020

Атырау облысында коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жедел жәрдем станциясына 18 жаңа көліктің кілтін табыстады. Сонымен қатар кардиоорталық жанынан салынған 50 орындық жапсаржай да пайдалануға берілді. 200 орындық модульді инфекциялық аурухананың да құрылысы толық аяқталып, іске қосылды.

Жедел жәрдем станциясына сыйға тартылған 18 жаңа темір тұлпар заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Осылайша облыстың жедел жәрдем стансасы 70%-ке жаңарып, көлікпен қамтылу деңгейі 100%-ке жетті. Сондай-ақ кардиоорталықтың жанынан жапсарлана салынған 50 орындық ғимарат да пайдалануға берілді. Енді Атырау ғана емес, батыс өңірі пациенттері осындағы медицинаның соңғы жетістігіне жүгіне алады. 

Жангелді Кадиров, облыстық Кардиология орталығының бөлім меңгерушісі:

– Жаңадан медициналық құрал-жабдықтар келді. Олар – соңғы технологияларға сәйкес өте жоғары медициналық көмек көрсету үшін арналған құрал-жабдықтар. Сонымен қатар жаңадан реанимациялық бөлімшесі, операциялық блок, кардиохирургиялық бөлімше және интервенсиялық кардиология бөлімшесі ашылды.

Коронавирус инфекциясының екінші толқынына арнайы салынған 200 орындық модульді типтегі инфекциялық аурухананың да құрылысы аяқталды. Мамандар жаңа нысан өңір медицинасының дамуына өзін септігін тигізе алады дейді. Ақылды құрылғылары көп аурухана науқастарға қызмет көрсетуге толық дайын.

Асхат Байдуәлиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а.:

– Бұл аурухана толықтай автономдық режимде істей алады. Осы екінші толқын басталған кезде коронавируспен ауырған науқастарға қызмет-көмек көрсетіледі.

Пайдалануға берілген ауруханада 20 орынға арналған реанимация бөлімі де ашылған. Сондай-ақ оттегі стансасы да қызмет көрсете алады. Жалпы мұнайлы өңірде осы айдың аяғына дейін 7 оттегі стансасы пайдалануға берілмек.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы