423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында майлы дақылдарды өңдейтін ірі зауыт салынып жатыр

  • 97
  • UPD: 00:14, 13.11.2020

Ақмола облысында өсімдік майын өндіретін ірі зауыт салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ерекшелігі: басқа өндіріс ошақтары секілді майлы дақылдың бір түрін емес, барлығын өңдей береді. Ауқымды жобаның құрылысына 4 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.

«Жоспар бойынша нысан жыл соңына дейін іске қосылады», – дейді кәсіпорын басшылығы.

Тәулігіне 600 тонна шикізатты өңдей алатын зауыт Нұр-Сұлтан – Петропавл тасжолының бойындағы Макинск қаласынан бой көтеруде. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Нысанға теміржол тартылған. Компанияның өнімді тасымалдайтын өз вагондары да бар. Ал, ең бастысы, өндіріс ошағы шикізат таңдамайды.

«Сондықтан дайын өнімнің бағасы да көңілге қонымды болады», – дейді инвесторлар.

Василий Боревич, серіктестік директоры:

– Оған қоса біз электр энергиясын жеткізуші компанияның өзінен тікелей сәл арзандау бағада аламыз. Бұл да өнімнің өзіндік құнына оң әсер етеді деп ойлаймыз. Ал қондырғылардың бәрі шетелдік. Олардың өнімділігі өте жоғары болады. Карантин кедергі болмаса, нысанды жыл соңына дейін іске қосамыз.

Зауыт жанында өсімдік майын сақтайтын қойма да болады. Ал өңдеуден қалған қалдық мал азығы ретінде сатылмақ. Яғни өндіріс ошағы қалдықсыз технологияны қолданады. Ал кәсіпорын іске қосылса, жергілікті 30 шақты адам жұмысқа алынбақ. Жалпы Ақмола облысында қазір осындай 8 май зауыты бар. Олар өндірілген өнімнің біраз бөлігін Қытайға экспорттап отыр.

Ботагөз Біркенова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

– Бүгінгі күні 9 ай бойынша 20 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Өсім 16%-ті құрайды. Барлығында көбінесе өндірілген өнім экспортқа бағытталған. Өзіміздің нарықты да қамтуға жұмыс істейді. Бүгінгі күні бұл кәсіпорындардың жүктемесі 60%-ті құрайды. Бұл жүктемені әрі қарай арттыру және жоғарылату үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, өңірдің өнім өңдеу саласында өсім байқалады. Мәселен, жыл басынан бері аймақта 83 млрд теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ке көп.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы