423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Келесі жылы тұрғын үй құрылысы саласында бірыңғай оператор пайда болады

  • 119
  • UPD: 00:08, 13.11.2020

Келер жылдан бастап елімізде тұрғын үй құрылысына жауапты бірыңғай мемлекеттік оператор жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі «Бәйтерек девелопмент», «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» – үш еншілес мекемесін біріктірді. Бұл іс квазимемлекеттік секторды оңтайландыру аясында жүзеге асты. Нәтижесінде холдингтің жыл сайынғы әкімшілік шығындары 3 млрд 400 млн теңгеге қысқарады.

Квазисектор компанияларын оңтайландыру жөніндегі шешім Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауынан кейін қабылданды. Президент тұрғын үй құрылысына жауапты операторлардың атауы әртүрлі болғанымен, атқаратын қызметі бір, яғни бюджетке тиімсіз екенін айтқан болатын.

Олжас Салықов, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Тұрғын үй құрылысы активтерін басқару департаментінің директоры:

– «Бәйтерек девелопмент», «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» және «Қазақстан ипотекалық компаниясының» құрамына кірді. Соңғысы бірыңғай оператор ретінде қалады. Келер жылы оған «Даму» қорының «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын субсидиялау функциясы да беріледі. Бірыңғай оператордың атауын «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» деп өзгертуді шештік.

Оңтайландыру аясында холдингтің әкімшілік шығындары 3,4 млрд теңгеге қысқарады. Штаттық бірлік те 32%-ке азайып, басшылық лауазымдар жойылады. Холдинг бірыңғай операторды іске қоспас бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігімен қолданыстағы заңдарды өзгертті.

Жақсылық Сәрсембаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басқармасының басшысы:

– Бюджеттік және Жер кодексіне өзгерістер енгізілді. Одан бөлек тағы 4 заңға түзетулер енді. Себебі бұған дейін аталған 3 компанияның функциясы әртүрлі болатын. Алғашқысы ипотека нарығына, екіншісі қолжетімді баспана құрылысын қаржыландыруға және үшіншісі үлескерлік құрылысқа кепілдік беруге жауапты болып келді. Осы қызметтердің бәрін енді жаңадан құрылған бірыңғай оператор атқарады.

Президент тапсырмасы бойынша холдингке қарасты тағы бір компания «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Отбасы банкі» болып қайта құрылады. Оған әкімдік құзіретіндегі мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана кезегін реттеу міндеттері беріледі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы