422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте ІІ азаматтық форум өтті

  • 93
  • UPD: 00:11, 13.11.2020

Карантинге байланысты үкіметтік емес ұйым мүшелері мен мемлекеттік орган өкілдері қоғамдағы өзекті мәселелерді онлайн форматта талқылады.

Бүгінгі күні форум азаматтық қоғам мен билік арасындағы ынтымақтастық алаңына айналып үлгерді. Жиын барысында белсенділігімен көзге түскен азаматтық қоғам мүшелері арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Биылғы форум бұрынғы форумдардан өзгерек. Себебі карантинге байланысты алқалы жиын онлайн форматта өтті. Қоғам белсенділерінің көбі экранның арғы жағында отырды. Алайда бұл жағдай қоғамдағы өзекті мәселелерді бірге талқылауға жиналғандарға еш кедергі келтірген жоқ.

Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті:

– Азаматтық қоғамды қалай дамыту керек? Қандай жолдары бар? Билік пен қоғамның арасындағы алтын көпір – үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғамдар, белсенді азаматтар. Солардың жұмысын мемлекет дұрыс пайдаланса, сіздердің әлеуеттеріңізді іске асырса, онда біздің мемлекетіміз жақсы дамыған қоғам болады.

Форумда азаматтық қоғам мүшелері бүгінге дейін өздері атқарған жұмыстарымен таныстырды. Белсенді азаматтардың игі істері жиынға қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов азаматтық қоғамда әрбір адамның жайлы өмір сүруіне басымдық берілетінін айтты.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– Бүгінгі жетістіктеріміз елімізде азаматтық қоғам қалыптастырумен тығыз байланысты. Мемлекеттік бағдарламалар мен Жолдауда айтылған әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына қоғамдық ұйымдардың қосар үлесі зор. Елдің өсіп-өркендеуі, қоғамдық сананың жаңғыруы азаматтардың белсенділігі арқылы жүзеге асады.

«Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова әйелдер мен балалардың мәселесіне бейжай қарамайды. Сондықтан ол мемлекеттік орган мен азаматтық қоғамның күш біріктіріп, бірге әрекет ететініне сенімді. 

Шахноза Хасанова, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының директоры:

– Бүгінгі күні біз үкіметпен және жергілікті атқарушы билікпен бірге жұмыс істейміз. Олар бізді тыңдап, сөзімізге құлақ асады. Біз әртүрлі ведомствоаралық комиссиялардың мүшесіміз. Соның нәтижесінде заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстар береміз.

Форумға қатысушылар халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жобаларын ұсынды. Еңбегі еленгендері мемлекеттік марапатқа ие болды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова

Хабар 24 телеарнасы