422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында шаруашылық қожалықтардың көбеюі жайылым санын қысқартты

  • 110
  • UPD: 10:34, 13.11.2020

Атырау облысында жер тапшы. Жайылым мен шабындықтарды айтпағанда сулы құдықтарды мекендейтін шаруа қожалықтары жыл санап артып барады.

Десек те, бір кезде ұзақ мерзімге жер телімін рәсімдеп алып, оны өзі де пайдаланбай, өзгелермен де бөліспей отырған шаруашылықтар да жеткілікті. Былтыр Қызылқоға , Құрманғазы және Жылыой аудандарында осындай 54,7 мың гектар жер қайтарылды. Бұл шара қала ішіндегі коммерциялық жер телімдеріне де қатысты. Биыл қала бойынша мақсатты пайдаланылмаған 10 жер телімі қайтарылып алынып, 51 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалды.

«Құрман» шаруашылығы өз өнімдерімен Қызылқоға ауданына ғана емес, облысқа жақсы танымал. Мұнда қазір 600-ден астам мүйізді ірі қара мен 2 мыңдай қой бар. Жылқы мен түйе қосалқы шаруашылық есебінде өсірілуде. Мал басын әрі қарай өсіруге өріс пен шабындық жер жетіспейді. 

Құрманбек Аманғалиұлы, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мал басын мыңға да жеткізуге болады. Бізде тек жер мәселе болып тұр. Айналдырған 3,5 мың гектар жер бар. Жылқы бар, түйелеріміз бар, қойымыз бар, жер жетіспей жатыр кішкене. Қазір қай шаруашалыққа барсаңыз да осы бір мәселе.

Биыл Қызылқоға ауданы бойынша 21,5 мың гектар жер қайтарылды. Алайда игерілмей жатқан жер телімі жеткілікті. Былтырғы түгендеу жұмыстары барысында облыс бойынша 54 мың 700 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің бос жатқаны анықталған.

Назкен Өтешова, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Оның ішінде 42,4 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, 11,9 мың гектары қайта игерілуде. Қазіргі таңда 4 мың гектар жер жергілікті атқарушы биліктің  қарауында.

Сондай-ақ қала және аудан орталықтарында да бос жатқан коммерциялық жер телімдерін түгендеу басталды. Нәтижесінде Атырау облысы бойынша жер учаскелерін уақытылы игермеген 10 жер телімі тәркіленді. 51 жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік іс қозғалып, 8 млн 833 мың теңге айыппұл салынды. 

Жазира Жұмаханова, облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- Жер учаскесі табыс етілген күннен бастап, яғни шешім немесе, қаулы шыққан күннен бастап кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері 3 жыл игерілмеген жағдайда басқармамен 1 жылда игеру жөнінде нұсқама табысталып, игерілмеген жағдайда мәжбүрлі түрде алып қоюға жатады.

Атырау облысында 12 млн гектарға тарта жер бар. Оның тек 25,1 проценті ғана ауыл шаруашылығына жарамды.

Тілшілер: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы