425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде жылу бағасы шарықтады

  • 122
  • UPD: 10:55, 13.11.2020

Семей тұрғындары табан астында аспандап шыға келген жылу ақысына аң-таң. Оларға берілген түбіртектегі сома әдеттегіден 2 есе көбейіп кеткен.

Жылу маусымының алғашқы айы ойдағыдай өтті. Тек оның ақысы тұрғындардың көңілін күпті етіп тұр. Төлем көрсеткіші әдеттегіден бірнеше мың теңгеге артып кеткен. 

Анар Таяпбергенова, қала тұрғыны:

- Екі бөлмелі пәтерге 12 мың теңге төлеуді міндеттеп отыр. Ал ыстық су үшін 1800 теңге қарыз екенмін. Осыдан бір ай бұрын оператор есептеу құралындағы көрсеткішті жазып алып кеткен еді. Бірақ оны есепке алмапты. 13 мың теңге менің қалтама ауыр соғады.

Жансая Бимұрат, қала тұрғыны:

- Шот 12 мың 685 теңге шықты. Соны мен төледім. Негізі 2019 жылы аз келген. Мен тек 10 мыңдай төледім.

Бұл жаңа ықшам аудандағы көп қабатты тұрғын үйлер элиталық болып есептеледі. Аты дардай болғанымен затына сай емес. Бұл үйлерде лифт істен шыққан, кіреберістер мен жертөлеге электр желісі тартылмаған. Ал жылуды бірыңғай есептеу құрылғысы іске жарамсыз болып қалған.

Гүлжан Оразбаева,  қала тұрғыны:

- Біз жылу ақысын шаршы метр ауданына қарай есептестік. Мысалы, бүгін мен 17 мың теңге төледім. Алайда біз көп қабатты үйге ортақ біріңғай жылу есептеу қондырғысымен төлеуіміз керек еді, жауапты компаниямен арадағы келісім-шартқа сәйкес. Сонда мен ең көп дегенде 5 мың теңге төлеуім керек еді, 17 мың теңге емес.   

Жылумен қамтушы кәсіпорынның басшылығынан аталған мәселеге байланысты қандай да бір түсініктеме алу мүмкін болмады. Дегенмен, себебін анықтау үшін біз арнайы сұрау жолдадық. Ал әзірге тұрғындар жылу ақысын қымбат бағамен есептесуге мәжбүр.

Нұрлан Жақыпбеков, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы